Келес ауданында ауыл шаруашылығы саласына ерекше көңіл бөлінуде
Ауыл – алтын бесік. Ауылды дамыту президентіміздің Жолдауларынан ешқашан тыс қалған емес. Бұл бағытта Мемлекет басшысы тапсырған тапсырмалар барлық деңгейдегі әкімдер тарапынан жүзеге асырылуда.
Жолдауда айтылған газ, таза ауызсу, «Ауыл аманаты» жобасы, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, жерді тиімді пайдалану, шаруаларға несие беру мен агроқұрылымдардың өндіріс көлемін арттыру үшін беріліп жатқан субсидияның барлығы да ауылдың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін көтеру үшін жасалып жатқан жұмыстар. Сондай-ақ «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы да өз жемісін беріп, ауыл халқы мен билік өкілдерінің арасын жақындата түскені бүгінгі аудан әкімдерінің беріп жатқан есептерінен анық байқауға болады.
Мәселен, кеше Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев ауылдық елді мекендерді аралап, Алпамыс батыр ауылдық округіне қарасты Ақжол және Қауыншы ауыл тұрғындарымен кездесті. Алдымен аудан басшысы ауылдық округі аумағында іске асқан жобаларға тоқталып, тұрғындардың сұрақтарына жауап берді.
– Мемлекет басшысының Жарлығымен барлық деңгейдегі әкімдер халықпен кездесулер өткізуде. Биылғы Жолдауында Президент елдің әлеуметтік-экономикасын арттыруға басымдық берді. Бүгінгі күні сіздердің округте жүзеге асып жатқан көп жұмыстар мемлекетіміздің сара саясатының жемісі. Бүгін өздеріңізбен екінші рет қайта жүздесіп, ауылдың маңызды мәселелерін бірге талқылау үшін арнайы басқосып отырмыз. Алпамыс бары ауылдық округінде ауылдық округке жалпы 3171 гектар аумақ қарасты, ауыл халқы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен қатар мал шаруашылығыменде айналысады. Ауыл шаруашылығы саласын дамыту үшін бір қатар тапсырмалар берген болатынмын. Округте 2 өнім алу тәсілімен 753 гектар жерге ауыл шаруашылық дақылдары орналастырылған. Егіс алқаптарын ағын сумен қамтамасыз ету жұмыстары бойынша осы жылы жалпы 38 шақырымды яғни, 24 қашыртқыларды ағымдағы және механикалық тазалау жұмыстарын жүргізу үшін сметалық құжаттары дайындалды, - деді аудан басшысы өз баяндамасында.
Айта кетейік, Алпамыс батыр ауылдық округінде түрлі жұқпалы аурулардың алдын алу мақсатында профилактикалық егу-емдеу жұмыстары тұрақты жүргізілуде. №18 С.Қожанов атындағы жалпы орта мектебіне бала санының көп болуына байланысты қосымша ғимарат салу 2022-2024 жылға өтпелі болды. Қазіргі таңда мердігер «Шамар Group» ЖШС құрылыс жұмыстарын толығымен аяқтаған. Қабылдау жұмыстары жүріп жатыр.
Ал, мектепке дейінгі білім бертін 6 бала-бақша бар, онда 687 бала тәрбиеленіп келеді. Қазіргі таңда оқушылардың білім сапасын арттыру басты назарда. Алпамыс батыр ауылдық округі аумағында 3 ашық стадион, 2 спорт алаңшасы және Алпамыс батыр спорт мектебі орналасқан. Спорт мектебінде спорттың дзюдо, таэкфандо, каратэ, бокс және күрес түрлерінен 150 бала қатысады. 2024 жылы аудандық деңгейде 2 іс-шара және ауылдық округ бойынша 14 спортық іс-шаралар өтті.
Алпамыс батыр ауылдық округіндегі ең өзекті мәселенің бірі – ауыз су мәселесі болатын. Ақжол және Қауыншы елді мекені таза ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында құрылыс-монтаж жұмыстары 2021 жылы басталған болатын. Бүгінде мердігер өз қаражаты есебінен Біртілек ауылдық округі, Ораз ата елді мекені аумағынан 200 метр тереңдіктен жер асты суын қазып шығарды. Ақжол елді мекенінде орналасқан ұңғымаға дейін 3,8 шақырымға құбыр тарту жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда Ақжол және Қауыншы елді мекенінің ішкі құбырларына су жіберіп, қосу жұмыстары жүріп жатыр.
Сонымен қатар округте тың кәсіпке ден қойғандар көп. Соның бірі Ақжол ауылындағы «Орынкүл» шаруақожалығы жылына 30 тонна құлпынай өндіріп, еліміздің ірі қалаларына экспорттауда.
- Келес ауданының Алпамыс батыр ауылдық округі жүзім егумен даңқы шығып, жоғары жетістіктерге жете білген. Бүгінде мұндағы халық жүзімді көкөніске айырбастап, тың технологиялар арқылы мол өнім алуда. Құлпынай өнімі – бүгінде Келес ауданының брендіне айналып отыр. Себебі климат пен құнарлы ағын судың мүмкіндігі аталған шаруашылықты жүргізуге мол мүмкіндік сыйлайды. Шаруашылықты ары қарай дамыту бағытындағы жобаларыңызға мемелкеттен қажетті көмек шаралары ұйымдастырылатын болады», - деді аудан басшысы.
«Орынкүл» шаруақожалығы бүгінде 4 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Жобаның қуаттылығы – 8,2 миллион теңге. Шаруақожалық директоры Асқар Төлегеновтың айтуынша жұмысшылардың орташа жалақысы 120 мың теңгені құрайды екен.
Жиын соңында аудан әкімі ауыл тұрғындары тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.