Келес жастары есірткіге қарсы

Oinet.kz 11-09-2024 18

Есірткімен күрес бір сәтке де тоқтамақ емес. Онымен күрес елімізде тұрақты жалғасын тауып келеді. 

Screenshot_63.jpg

Президентіміз биылғы Жолдауында нашақорлық мәселесіне тоқтала келіп, «Тағы бір маңызды міндет – есірткі саудасына және нашақорлыққа қарсы күрес. Бұл  - ұлттық генетикалық қорын аман сақтап қалу мәселесі деген сөз. Біз осыған дейін қажетті заңнамалық шараларды қабылдадық. Бірақ, нақты нәтижеге қол жеткіздік деуге әлі ерте. Әрбір мемлекеттік құрылым, әсіресе, құқық қорғау органдары тиімді жұмыс істеп жатыр деп айта алмаймыз. Есірткі мәселесі ушығып барады», деп дабыл қақты. Сөйтіп онымен күресті күшейтуді жүктеді.  

Осы тапсырма аясында Келес ауданында «Нашақорлыққа қарсы жол жоқ» атты форум өтті. Іс-шара Келес ауданының прокуратурасы мен аудандық полиция бөлімінің бірлескен бастамасымен, аудан әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды. Оған Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев арнайы қатысты. Сондай-ақ, іс-шараға аудан прокурорының орынбасары Нүркен Ағабеков, аудандық полиция бөлімінің бастығы Мұрат Әбілханұлы және басқа да мемлекеттік мекемелердің басшылары мен бұрын сотты болған азаматтар, тұрғындар қатысты. 

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында есірткі саудасына және нашақорлыққа қарсы күресу маңызды міндет екенін атап өтті. Біз заң мен тәртіп, білім мен парасат үстемдік ететін қоғам құруымыз қажет. Бұл – ұлттың генетикалық қорын аман сақтап қалу және адамдардың салауатты өмір сүруіне жағдай жасау болып табылады. Аудан көлемінде есірткіге қарсы күрес бағытында қарқынды түрде жоспарлы жұмыстар атқарылуда. Ауданымыздағы барлық білім беру ұйымдарында «Біз нашақорлыққа қарсымыз», «Жастар спортпен бірге салауатты өмір салтын ұстанады», «Есірткіге жол жоқ» атты ұрандармен арнайы іс-шаралар тұрақты түрде өтуде. Қазіргі таңда психотроптық заттардың заңсыз айналымымен күрес күнделікті жүргізілуде. Бұл жұмыстар әрі қарайда жалғасын табады. «Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы», «Жарқын болашақ-жастардың қолында» деп ұлы бабаларымыз айтқандай біз жастардың дұрыс бағытта өсіп өркендеуінде аянбай қызмет етіп, қолдауымыз қажет! Өскелең жас ұрпақ яғни қоғамның қозғаушы күші жастар, бүгінде озық идеяларымен, білімділігімен еліміздің дамуында барынша үлес қосып келеді. Бүгінгі жиын нәтижелі болып, аға ұрпақтың, жас белсенділердің айтылған ой-пікірлері, тәжірибелері осында отырған мектеп оқушыларына, студенттерге өмірлік азық болады деп үміттенемін, – деді Жәнібек Ағыбаев. 

Жиын барысында аудан прокурорының орынбасары мен аудандық полиция бөлімінің бастығы өте қажетті мағлұматтарды баяндап, өмірлік тәжірибелерімен бөлісті. Салауатты өмір салтын ұстануға, жаманнан жиренуге шақырды. Қоғамдағы өзекті мәселе болып тұрған есірткіге қатысты қылмыстардың алдын алу, нашақорлыққа тосқауыл қою бағытында өз ойларын білдіріп, көпшілікпен пікір алмасты. 

Форумның шымылдығы жастардың синтетикалық есірткіні қолдануы, жалпы оның кез келген адам үшін тигізетін кері әсері, есірткі түрлерін сату, егу, тасымалдау үшін қылмыстық жауаптылық бар екені және тағы басқа түрлі жағдайларды мысал еткен театрландырылған қойылыммен түрілді. 

Іс-шарада сөз алғандар қоғам назарын «ғасыр дерті», яғни есірткіге, нашақорлыққа қарсы иммунитетті қалыптастыруға аударып, форумның маңыздылығын атап өтті. Жиын соңында «Нашақорлыққа жол жоқ, біз өмірді таңдаймыз!» ұранымен тиісті құрылымдар алдағы уақытта бірлесіп жұмыс істеуге уағдаласты. Нашақорлықтың алдын алу үшін ұсыныстар білдіріліп, нақты тапсырмалар жүктелді.

Кентау қаласында кәсіпкерлер қатары көбейіп келеді
Келес ауданында ауыл шаруашылығы саласына ерекше көңіл бөлінуде
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу