Кентау қаласында кәсіпкерлер қатары көбейіп келеді
Кәсіпкерлерге мемлекеттен көрсетіліп жатқан қолдау көп. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында да кәсіпкерлерге жасалатын жеңілдіктерді арттырып, кедергілерді азайтуды тапсырды.
«Әр кәсіпкер қолдаудың қандай түрі бар екенін және оған қалай қол жеткізе алатынын еш қиындықсыз біліп отыруы қажет. Сонда шағын бизнес орта бизнес санатына өтуге мүдделі болады. Бізде қазір қолдау шараларының 100-ден астам түрі бар. Бұдан білікті маманның өзі шатасуы мүмкін. Сондықтан мемлекеттік қолдау шараларының қаншалықты тиімді екенін мұқият тексеріп шығу керек. Ұсынылатын жеңілдіктердің бизнес өкілдеріне түсінікті бірыңғай тізімін әзірлеу қажет. Шағын және орта бизнесті дамыту үшін финтех тәсілдерін пайдалануға болады, бұл мәселе бойынша тиісті ұсыныстар бар», - дейді Президент Жолдауында.
Бүгінгі күні Кентау қаласында мемлекеттік бағдарлама аясында грант иегері атанған кәсіпкердің бірі – Бекзат Жұмабаев. Осы жылдың бірінші легінде мемлекеттен қайтарымсыз грант алып, кәсіп бастап, таза еңбектің арқасында айына 700 000 теңге таза пайда тауып отыр. Қазіргі таңда кәсіпкер грант қаражатына өндіріске қажетті құрал-жабдықтарды алып, кәсіпкерлік саласының дамуыту сатысында.
Бекзат Жұмабаев кәсіптің бұл түрімен екі жылдан бері айналысып, біршама тәжірибе жинақтаған. Тәжірибенің арқасында тұрғындардың талғамы мен сұранысына сай сапалы кеңсе және тұрмыстық жиһаздарды жасауда. Шағын цехта екі адам жұмыс істейді. Халыққа қол жетімді бағада жиһаз өндіріп, Кентау мен Түркістан жұртынан тапсырыс қабылдап, аз уақыт ішінде жиһазды дайындап жеткізіп, елдің алғысына бөленуде.
- Президентіміз жыл сайынғы Жолдауларында еліміздегі шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға ерекше басымдық беріп келеді. «Ұлттық жоба» аясында да несие алып жұмыс істеп жатқан жастар көп. Жастардың кәсіпке бет бұруы қуантарлық жағдай. Жалпы кәсіпкерлік бәсеке болған ортада жақсы дамиды. Біз де өзіміз сияқты шеберханалармен өзара бәсекеге түсіп, шығарған жиһаздарымыздың сапасының жақсы болуына көңіл бөлеміз. Біз алушыны өндірген өніміміздің талғам және сапасымен ғана баурап ала аламыз. Жалпы мемлекеттік бағдарламаның шапағаты мұқтаж жандарға да тиіп жатқаны қуантарлық. Ең бастысы, еңбек пен ниет керек. Алдағы уақытта осы салада өнім өндіретін цехтың көлемін ұлғайтуды жоспарлап отырмын, - деді кәсіпкер Бекзат Нағашалыұлы.
Ал Кентау қаласының тағы бір тұрғыны Сымбат Анарбаева өз кәсібін ашқан жастың бірі. Ол өзі ашқан орталықта жас аналар мен балаларға массаж жасауда. Кәсіпкер бұл бизнесін 5 жыл бұрын бастаған екен. Алайда қажет құралдары болмағасын жұмысы тоқтап қалған. Биыл мемлекеттік бағдарламаның арқасында грант иегері атанып, қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған.
Қолдаудың арқасында жұмысын ұлғайтқан орталықта дисплазиядан арылуға, бұлшық ет кернеуін жеңілдетуге, жалпы денсаулықты нығайтуға, ұйқышылдықтан, апатиядан арылуға арналған жүрек тамыр жүйесін метаболизмді ынталандыратын массаж түрлерін жасайды.
Сымбат Анарбаева осы массаж жасау оқуын арнайы курстар оқып біліктілігін арттырған. Оған себеп өзі ерекше баланы тәрбиелеп отыр. Баласына уақытында қажет массаждарды жасау арқылы, өзгелерге де көмек беруде.
- Мемлекет басшысы Жолдауында кәсіпкерлерге көп мүмкіндіктің барын айтты. Сол мүмкіндікті пайдаланып көру үшін өтініш бердім. Өтінішім қабылданып, грант иегері атандым. Өз басыңа түскен өмірдің сынақтарына сабырлықпен қарап, оған күлімдеп қарасаң өмірдің тамаша сәттері өте көп. Өзім ерекше бала тәрбиелеп отырғасын, менің орталығымда міндетті түрде балаға массаж жасайтын қызмет көрсетілуі керек деп шештім. Мемлекеттік қолдаудың арқасында арманым орындалды, – дейді Сымбат Анарбаева.
Ерекше бала тәрбиелеп отырған ананың айтуынша, орталықта массаж жасайтын тәжірибесі мол мамандар айналысады. Ол мамандардың ішінде өзі де бар. Қазіргі таңда бұл орталықтың қызметіне сұраныс өте жоғары. Бүгінде аталмыш орталыққа балалар көптеп келуде. Болашақта басқа да емдеу түрлерін қосып ұлғайтуды мақсат етіп отыр.