Төлеби ауданында халықтың өтініш-тілегі биліктің назарында
Елде Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасы жұмыс істеуде. Осы қағида аясында барлық деңгейдегі әкімдер ел алдында есеп беруде.
Президентіміз «Аймақ басшысы шаруашылықпен ғана айналыспайды. Әкім қоғамдық, рухани мәселелерді әрдайым назарда ұстауға тиіс. Әрбір басшы елмен етене жұмыс істеуі керек, тұрғындармен сенімді байланыс орнатуы қажет. Сонда жұрт та оның бастамаларын қолдайды, ел үшін пайдалы іске жұмыла кіріседі. Әкімнің абырой-беделі дегеніміз де – осы», деп атап өтті Жолдауында.
Президент тапсырмасына сәйкес аудан әкімдері ел алдында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасы аясында есеп беруде, осындай есеп беру кездесулері Төлеби ауданында да өткізілді. Аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Сержан Дүйсебаев аудандағы бірнеше ауылдық округ тұрғындарымен кездесіп, ондағы қордаланған мәселелерді барынша шешуге тырысты. Соның бірі Тасарық ауылдық округінде ұйымдастырылды.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында қоғамда заң мен тәртіп идиологиясын терең орнықтыру қажет екенін айтты. Үкімет пен әкімдерге халықпен тығыз байланыс орнатып, қарым-қатынасты арттыруды тапсырды. Жолдауда негізгі тоғыз бағыт та ел халқының әлеуметтік-экономикасын дамытуға бағытталған. Бүгін Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес өтіп жатқан әкімдердің халықпен кездесуі – билік пен қоғамның, әсіресе өңірлердегі диалогын орнатуға негізделген кері байланыстың маңызды бағыты», - деген аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Сержан Дауылбайұлы аудан әкімінің 2024 жылдың бірінші жарты жылдығында өткен кездесуінде округ халқы көтерген мәселелер бойынша атқарылған жұмыстар мен жыл көлемінде қолға алынған және жүзеге асатын жобалармен таныстырды.
Оның айтуынша, Тасарық ауылдық округінде әкімі аппараты ғимаратын ағымдағы жөндеуден өтті. Ханарық және Тасарық елді мекендерінің жаңа массивтеріне инженерлік-коммуникация құрылысын жүргізу үшін жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеуге қаржы қарастырылды. Жобалау жұмыстары 2025 жылға ауыспалы. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Ханарық елді мекеніндегі Рахимов, Мауели көшелерін, Оңтүстік елді мекеніндегі Ақмола көшесін орташа жөндеуден өтуде. Құрылыс жұмыстары 2025 жылы аяқталады. Жамбыл елді мекені, Итемір әулие, Беласар, Алатау, Асар көшелеріне, Тасарық елді мекені М.Әуезов және Т.Тоғысбаев көшелеріне, Ханарық елді мекені А.Навой, Мәуелі, С. Рахимов көшелеріне трансформатор орнатылып, электр желілері жүргізілді.
Төңкеріс магистралды су құбыры желісін ағымдағы жөндеуге Оңтүстік, Ханарық, Жамбыл, Тасарық (Ұңғыма қазу) қаржы қарастырылып, мердігер анықталды. Нысан 2025 жылға өтпелі. Ханарық елді мекеніндегі ұңғыманы ағымдағы жөндеуге қаржы қаралып, Таш оң жақты каналының 5 шақырымы механикалық тазалаудан өтті. Сайрам су өзенінен бастау алатын Таш каналының 300 метр жеріне бетондау жұмыстары жүргілді.
Аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Сержан Дүйсебаев кездесуден кейін тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, көтерілген сауалдар мен өтініштердің барлығы заң аясында кезең-кезеңімен шешімін табатынын және әр сауал жеке бақылауында болатынын жеткізді.
Осындай кездесу аудан әкімінің міндетін атқарушы Сержан Дүйсебаевтың қатысуымен Қаратөбе ауылдық округіндегі ауылдық клубта өтті. Кездесу барысында тұрғындарға Сержан Дауылбайұлы Төлеби ауданының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің қорытындысы және ауылдық округ аумағында атқарылатын жұмыстары туралы баяндады.
Аудан орталығынан ең шалғай жатқан Қаратөбе ауылдық округінің табиғаты, ауа-райы да ерекше. Тау баурайында жатқан елді мекендерде халықтың жайлы өмір сүруі үшін табиғи газ тартылып, электр бағаналары мен желілері жаңартылып, аудандық маңызы бар жолдарда жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Кездесу барысында аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Сержан Дауылбайұлы ауыл азаматтары тарапынан қойылған сұрақтарға толыққанды жауап беріп, айтылған ұсыныстар бойынша мекеме және бөлім басшыларына тапсырмалар жүктеді. Көтерілген мәселелердің назарға алынатынын, сондай-ақ кезең-кезеңімен жоспар бойынша шешімін табатынын айтты. Айтылған ұсыныс пен қозғалған мәселе күн тәртібінен түспейтіндігін және жылдың аяқталуына байланысты кейбір жобалар алдағы жылдардың еншісінде кезең-кезеңімен шешімін табатындығын түсіндірді.