Келес ауданында ирригация жүйесі мен жол жөндеу жұмыстары жалғасуда
Келес ауданында Ирригация жүйесі мен жол жөндеу жұмыстары талапқа сай жүргізілуде. Аудан әкімі Жәнібек Ағыбаевтың айтуынша, ауданда 148 канал мен 144 қашыртқылар бар екен.
Бүгінге дейін 29 канал механикалық тазалаудан өткізілген.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында жергілікті әкімдерге ирригация жүйелері және жалпы су шаруашылығы мәселесімен мұқият айналысу қажеттігін айтты. «Қазіргі заманда біз кез келген қатерге дайын болуымыз қажет. Сондықтан қарғын суды жинап, диқандардың қажетіне жарату үшін оны дұрыс сақтай білген жөн. Гидрология бекеттерін жөндеп, жаңғырту қажет. Суды барынша үнемдеу жұмысын ұйымдастыру керек. Бұл – ең алдымен, ауыл шаруашылығына қатысты мәселе, яғни су үнемдеу технологиясын, әсіресе, ауыл шаруашылығында кеңінен қолдану қажет. Су қорын жинап, оны тиімді пайдаланып, ирригация жүйесін дұрыс қолдана алсақ, бұл салаға да инвестиция тартуға болады. Сондықтан тариф саясатын реттеп, инвесторларға тиімді қолдау шараларын ұсыну қажет. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған маңызды міндет. Нақты жұмысқа кірісу керек» дейді Президент Жолдауында.
Бүгінгі күні бұл үдеден Келес ауданының атқамінерлері шығып келеді.
- Аудан аумағында жалпы 148 канал мен 144 қашыртқылар бар болса, 2023 жылы Ирригация жүйелерін қалпына келтіру бойынша 29 канал толығымен механикалық тазалаудан өтті. Жыл басынан ауданның балансына алынған шынжыр табанды эксковатормен 57,7 шақырымды құрайтын каналдар мен қашыртқыларды механикалық тазалаудан өткіздік. Бүгінгі таңда Ақтөбе ауылдық округі аумағында тасқын судың алдын алу мақсатында Жантақсай каналында дамбы көтеру жұмыстары жүргізілуде. Ал Ошақты ауылдық округіндегі егістік жерлерге ағын су Саңырау, Теріс, Тартулы, 8-Ұлан, Игілік каналдары арқылы жеткізіледі. Биыл Шенгелді каналының 3,2, Сарыжылға су қашыртқысының 2,5 шақырымы механикалық әдіспен қазылды. Бүгінгі таңда 8-Ұлан каналының 18 шақырымы механикалық әдіспен қазу жұмыстары жүргізілуде, - дейді аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев.
«Жолдың жайын жүрген біледі» демекші ирригация жүйесімен қатар жол жөнеу жұмыстары да ауданда өз жалғасын табуда. Президентіміз Жолдауында елімізде көлік-логистика секторын дамыту – стратегиялық мәні айрықша басымдық екенін айтты. «Еліміз Еуразия құрлығының дәл ортасында орналасқан. Бұл – бізге әлемдік бәсекеде зор мүмкіндік беретін артықшылық. Сондықтан көлік инфрақұрылымына салынып жатқан әрбір инвестиция өзін-өзі ақтайтыны сөзсіз», дейді Президент жолдауында.
Атап айтсақ, ауданда биыл жалпы 30,6 шақырымды құрайтын 28 көшені орташа жөндеу жұмыстарынан өткізу үшін «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде қаржысы қаралып, мемлекеттік сатып алу конкурсынан өткізілді. Бүгінгі таңда Бірітілек ауылдық округінің Біртілек, Көлтоған, Керегетас ауылдары мен Ошақты ауылдық округінің Жетітөбе, Еңбек елді мекендері, Алпамыс батыр ауылдық округінің Ақжол, Қошқарата ауылдық округінің Бесауыл ауылдарында асфальт жабынын төсеу жұмыстары аяқталған.
Ал, Біртілек ауылдық округінің Амангелді, Жолбасшы, Ошақты ауылдық округінің Саңрау, Саттаров, Қошқарата ауылдық округінің Аманжар мен Ақтөбе ауылдық округінің Жаңадәуір елді мекендеріндегі ішкі көшелерге қаржы қаралып мемлкеттік сатып алу жұмыстары аяқталды. Бүгінгі таңда келісім шарттар түзу және өндірістік кесте бекіту жұмыстары жүргізілуде. Аталған нысандар 2025 жылға өтпелі.
- Ошақты ауылдық округі аумағында 30 шақырымды құрайтын облыстық маңызы бар, 16 шақырым аудандық маңызы бар жолдар және 117 шақырым ішкі жолдар бар. Бүгінде ішкі жолдардың 44 шақырым асфальт, 52 шақырым шағал жол, 21 шақырым топырақ жолды құрайды. Биыл округ аумағындағы ұзындығы 10 шақырымнан асатын 5 көшеге ағымдағы жөндеу, яғни шағал тас төселсе, ұзындығы 8,8 шақырымды құрайтын 8 көше орта жөндеуден өтті. 2025 жылы жалпы 10 көшені орта және ағымдағы жөндеуден өткізу жоспарлануда, - дейді аудан әкімі.