Түлкібас ауданында ең шалғай ауыл көгілдір отынға қосылды
Елімізде табиғи газ тартылмаған өңірлер әлі де бар. Газдандыру жұмыстары бүгінде Түлкібас ауданында жалғасын тауып отыр. Жуырда Түлкібас ауданының орталығынан ең шалғай орналасқан Иірсу ауылына газ берілді.
- Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы халыққа арнаған Жолдауында газға қосылмаған елдімекендерге табиғи газ жеткізу жұмыстарын жеделдетуді тапсырды. Мемлекет басшысы «Орта Азия – Орталық» магистральді газ құбырының елімізге тиесілі 800 шақырымнан астам бөлігін жаңғырту жұмысы өте қысқа мерзімде аяқталды. Газ тасымалдау бағдарларын әртараптандыру және оның қуатын арттыру қажет. Тұрғындарды және экономиканы газбен қамтамасыз ету – Үкіметтің басты міндетінің бірі. Былтыр бірқатар газ кеніші игеріле бастады. Сондай-ақ жылына жалпы көлемі бір миллиард текше метр газ өндіретін жаңа кен орындарын игеру жоспарланып отыр. Әзірге бұл жобалар толық іске қосылған жоқ. Сондықтан газды ішкі нарыққа тиімді бөлу қажет. Жылу электр орталықтарын және қарапайым тұтынушыларды көмір орнына газ жағуға көшіру жұмысын байыппен жүзеге асырған жөн», деп атап өтті Жолдауында. Бүгінгі аудан тұрғындарының 90 пайызы көгілдір отынның игілігін көріп отыр. Қалған ауылдарға да табиғи газ жеткізу жұмыстары ауданның даму жоспарына сәйкес атқарылуда, - дейді аудан әкімінің орынбасары Марат Жанесен.
Түлкібас ауданының орталығынан ең шалғай орналасқан Иірсу ауылына газ тарту жұмыстары өткен жылдан өтпелі болған құрылыс жұмыстары биыл толығымен аяқталып, нәтижесінде 21 шақырымнан астам құбыр тартылды. Сөйтіп ауданның ең биік нүктесіндегі елді мекенде орналасқан 26 үй мен 4 мемлекеттік коммуналдық мекемені көгілдір отынға қосылды. Осыған орай Иірсу ауылында өткен игі іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Марат Жанесен арнайы қатысып, ауыл тұрғындарының қуанышына ортақтасты.
Аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Мұстафа Телғараев та ауыл тұрғындарын қуанышты жаңалықпен құттықтады.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында «Экономикалық саясатымыздың негізгі мақсаты еш өзгермейді. Оның мәні – сапалылық және инклюзивтік тұрғыдан халықтың әл-ауқатын арттыру» деп, алдағы бағытымызды айқындап берген болатын. Яғни, жаңа экономикалық бағдарымыздың басты басымдықтарының бірі халықтың жайлылығын қамтамасыз ету. Соның бірі – халықты кедергісіз көгілдір отынмен қамту. Жалпы елімізде газ өндіру тәуелсіздік жылдарында 8-ден 52 миллиард текшеметрге дейін артты. Президентіміз өзінің халыққа арнаған Жолдауларында бұл іс әрі қарайда өсе түсетіндігін алға тартып отыр. Қазіргі таңда аудан тұрғындарының 91,1 пайызы көгілдір отынмен қамтамасыз етілген. Оның көлемін ұлғайту жұмыстары да өңірде жалғасын табуда – деген Мұстафа Телғараев аудан әкімінің орынбасары Марат Жанесенмен бірге алғашқы үйге газ қосу сәтін бірге тамашалады.
Ауыл тұрғындары құрылыс жұмыстарының бас қасында жүріп, игі іске мұрындық болған жандарға алғыстарын жеткізіп, ақ баталарын берді.