Арыс қаласында «Қарызсыз қоғам» жобасы өз тиімділігін көрсетуде

Oinet.kz 08-09-2024 21

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауындағы тоғызыншы бағытта Қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын терең орнықтыру қажеттігіне баса көңіл бөлді. 

Screenshot_55.jpg

«Цифрлық технологиялардың күнделікті өмірімізге жаппай енуі түрлі алаяқтардың көбеюіне әкеп соқтыруда. Оған бәріміз куә болып отырмыз. Сондықтан, қазір қаржы және экономика негіздерін білу, қарапайым цифрлық дағдыларды меңгеру аса маңызды болып тұр. Осы ретте Amanat партиясы ұсынған «Қарызсыз қоғам» жобасын атап өткім келеді. Азаматтардың қаржылық сауатын арттыруға арналған осы жобаға былтыр 65 мың адам қатысты. Ал, биыл одан да көп адам қатысады.

Мектептерде, жоғары оқу орындарында қаржылық және цифрлық сауаттылық негіздерін үйрететін білім бағдарламасын енгізу қажет. Бұл жұмысты Үкімет қаржы саласын реттеу органдарымен бірге атқаруы керек. Мұның бәрі азаматтарымыздың әртүрлі алаяқтардың құрығына түсіп қалмауына мүмкіндік береді» дейді Президент Жолдауында. 

Тұрғындардың қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында жүзеге асырылып жатқан «Қарызсыз қоғам» жобасы Арыс қаласында қарқынды жүргізілуде. Amanat партиясы Арыс қалалық филиалының төрағасы Бақтығали Ділдәбековтің айтуынша, Жобаның негізгі мақсаты – жеке тұлғалар арасында  проблемалық берешегі бар адамдардың қаржылық сауатын арттыру. Осы орайда, Арыс қаласы, Жиделі  ауылдық округінде  алғашқы оқу  ұйымдастырылып, өз мәресіне жетті. «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында, «Қаржылық сауаттылықты арттыру» бағдарламасы бойынша 40 сағат күндізгі курсын аяқтаған Жиделі ауылының 75 тұрғынына арнайы сертификаттар табысталды.

Сертификаттарды Amanat партиясы  Арыс қалалық филиалының төрағасы Бақтығали Ділдәбеков және арнайы қаржы сарапшысы Мұратжан Есенбаев, қалалық Экономика бөлімі басшысы орынбасары Мақсат Дәрменов тапсырып, ауыл тұрғындарына сәттілік тіледі.

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында біздің «Қарызсыз қоғам» жобасын қолдап, оны жалғастыруды тапсырды. Бүгінгі таңда осы жобаға қатысушылар өз қаражатын тиімді басқаруды үйреніп, өмірлік тәжірибе ретінде іске асыратындықтарын жеткізді. Оқу бағдарламасы аясында тұрғындарға жан жақты ақпараттар берілді. Оның ішінде: өз қаржыларын тиімді басқаруды; кредит алу мен депозит ашудың тиімді жолдарын; банкроттыққа тапсырудың алғышарттарын; алаяқтарға алданбау мен қаржылық пирамидалардың құрсауына түспеуді үйренді. Сонымен қатар мемлекеттік қайтарымсыз гранттар бойынша, «Ауыл аманаты» жеңілдетілген несие бағдарламасы туралы ақпарат берілді. 

Сонымен қатар, банк карталарында бұғат (арест) болса шешіп беруге және төлей алмай жатқан несиелер болса жаңа график ашып беруге онлайн тегін заңгер қызметі көрсетілді. «Қарызсыз қоғам» жобасы алдағы уақытта қала көлемінде жалғасын табатын болады, - дейді Amanat партиясы Арыс қалалық филиалының төрағасы Бақтығали Ділдәбеков.

Арыс қаласында ірі инвестициялық жоба іске асырылуда
Түлкібас ауданында ең шалғай ауыл көгілдір отынға қосылды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу