Арыс қаласында ірі инвестициялық жоба іске асырылуда
Мемлекет басшысы Жолдауында ауыл шаруашылығы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселенің басын ашып берді. Президентіміз: «Агроөнеркәсіп кешеніне инвестиция тарту – өте маңызды міндет.
Тасқын судан болған қиыншылықтарға қарамастан, диқандарымыз егін егу жұмысын дер кезінде аяқтады. Оларға зор ризашылығымды білдіремін. Биыл егіс науқанына екі есе көп қаражат бөлінді. Алайда агроөнеркәсіпке бөлінетін бүкіл ақшаның 70 пайызы – мемлекет қаржысы. Бұл салаға коммерциялық банктердің қаражатын да тарту қажет. Диқандарға өсімі аз несие беру үшін мемлекеттік қаржы институттарын субсидиялау шаралары қолға алынды. Банктерге қатысты осындай тәжірибені қолдану керек. Мұның бәрі шаруаларды айналымға қажетті қаражатпен шұғыл қамтамасыз етуге, сыбайлас жемқорлық қатерін азайтуға және несие алуды оңтайландыруға жол ашады» дейді Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында.
Бүгінгі күні Арыс қаласының ауыл шаруашылығы саласы жаңа деңгейге көтерілуде. Қалаға қарасты Қожатоғай ауылдық округінде 50 мың басқа арналған ірі қара мал бордақылау алаңы салынып, іске қосылмақ. Аталған жоба инвесторлар есебінен жүргізілуде және Түркістан облысындағы ең ірі кешендердің біріне айналуы көзделіп отыр және австралиялық әдіс бойынша жүргізілуде.
Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекованың айтуынша, Арыс қаласындағы «Turkestan Agro.kz» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі базасында екі ірі кешен – жаңбырлатып суару әдісімен мал азығы дақылдардын өсіру мен ет бағытындағы мүйізді іріқара өсірумен айналысатын шаруашылық-репродуктор құрылысы іске қосылады.
Құрылыс, бордақылау және жаю схемасы австралиялық «торлы» мал шаруашылығы әдісімен жасалады. Түркістан облысындағы ең ірі кешеннің біріне айналатын бордақылау алаңы Арыс қаласына қарасты Қожатоғай ауылдық округі аумағында орналасқан.
- Мемлекет басшысы Жолдауында ауыл шаруашылығы саласына инвестиция тартудың маңыздылығын атап өтіп, алда оларды субсидиямен қамтудың жаңа жүйесі жасалып жатқанын айтты. Жалпы бүгінде қаламызда бордақылау алаңдары салынып, жұмыс орындары құрылуда. Соның бірі - «Turkestan Agro.kz» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Бұл мал бордақылау алаңының Арыстың экономикалық дамуына қосатын үлесіне, бұл жоба облыстың ауыл шаруашылығын дамытуға зор септігін тигізетініне сенімдімін. Бүгінгі таңда серіктестік аумағында жұмыстар қызу жүріп жатыр. Жобаны іске асырудың бірінші кезеңінде биыл бордақылау алаңына 15 мың бас, 2025-2026 жылдары тағы 10 мың бас, ал 2026-2027 жылдары 25 мың бас сатып алынады, - дейді қала әкімі Гүлжан Құрманбекова.
Сондай-ақ, серіктестік бордақылау алаңы маңынан 4710 гектар алқапта суарудың жаңбырлату технологияларын қолдана отырып, малға арналған жемшөп дақылдарын өсіруді жөнге қоюда. Ол үшін, әлемге әйгілі ауылшаруашылық техникасын шығарушы «John Deere» компаниясының өнімдерін сатып алуда. Бұл өз кезегінде мал бордақылау алаңын қажетті азық көлемімен толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бордақылау алаңында барлық жұмыс аутоматты жүйеде жүзеге асырылатын болады.
Жобаның жалпы құны 16,2 миллиард теңгені құрайды, және де 100-ге жуық жаңа жұмыс орындары ашылмақ. Арыс қаласында жүзеге асып жатқан ауқымды жоба мал шаруашылығының дамуында жаңа белестерге жол ашып, өңірдегі ауыл шаруашылығының қарқынды дамуына негіз болмақ.