Шымкент қаласындағы Әл-Фараби ауданында инфрақұрылым мәселесі шешімін тапқан
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Әл-Фараби ауданы тұрғындарымен кездесіп, атқарылған жұмыстармен танысты. Алдымен сол ауданның әкімі Рашид Мыңбаев ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішін баяндап, алдағы жоспарларымен бөлісті.
Оның айтуынша, ондағы 17 шағынаудан мен 1 елдімекенде 234 857 халық тұрады екен. Көпқабатты 926 үй бар. Ауданда ауыз су мен электр жарығы толық шешілген, ал табиғи газбен қамту көрсеткіші 99 пайызға жетіп отыр. Жалпы тұрғындар тарапынан көтерілген 207 мәселенің көпшілігі инфрақұрылым, жол, қоғамдық көлік, коммуналдық және абаттандыру бағыттарын қамтыды.
- Мемлекет басшысы Жолдауында халық үніне құлақ асатын мемлекет саясатын ұстанып келеді. Біз Президент Тұжырымдамасын басшылыққа алып жұмыс жоспарын құрып, халықпен кездесулер ұйымдастырып, мәселелерді оң шешуге күш салудамыз. Жоғарыда айтқанымдай халықпен тікелей байланыс орнату – Мемлекет басшысының басты саясаты. Осы мақсатта Әл-Фараби шағын ауданының түргындарымен ашық жүздесіп, ұсыныс пікірлерін тыңдап, олардың шешу жолдарын бірлесе талқыладық, - дейді қала әкімі.
Жиында ауданның даму жоспарымен танысқан соң, шаһар басшысы тұрғындардың талап-тілегін тыңдады. Қала әкімі тұрғындардың мәселесін мұқият тыңдап, бәрін де назарға алатынын жеткізді. Сондай-ақ аудан әкімі мен тиісті басқарма басшыларына халықтың өтініштері мен ұсыныстарын орындауда нақты тапсырмалар жүктеді.
Шаһар басшысының халықпен кездесуіне барлық салалық басқармалардың және құқық қорғау органдарының басшылары, жергілікті қоғамдық кеңестердің белсенділері мен көпқабатты үйлердің төрағалары, еңбек ардагерлері мен БАҚ өкілдері қатысты. Кездесу барысында қала әкімі тұрғындардың өзекті мәселелерін шешу мақсатында алдағы уақытта жүйелі жұмыстар жүргізілетінін, барлық мәселелер тұрғындардың пікірін ескере отырып шешілетінін мәлімдеді.
Ал табиғи газбен қамту мәселесіне тоқталар болсақ, аудан әкімі Рашид Мыңбаевтың айтуынша, қазіргі таңда ауданға қарасты Сәуле шағын ауданы 276-орамда табиғи газ желісінің құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Ал, кәріз жүйесімен қамтамасыз ету мәселесі 2025 жылға қарай толық шешімін табуы тиіс, деді аудан әкімі.
Бұдан бөлек, ауданда биыл барлығы 28 көшеге асфальт және 12 көшеге шағал тас төсеу бойынша жұмыстар атқарылуда. Сонымен қатар, 14 көшені жарықтандыру бойынша жұмыстар жалғасып жатыр екен.
Әл-Фараби ауданында «Халық қатысатын бюджет» жобасының аясында биыл 39 ауланы абаттандырып, балалар ойын алаңшасын орнату жоспарланған болса, бүгінде 24 ауладағы жұмыс толығымен аяқталып, тұрғындардың игілігіне беріліпті. Қалған 15 аулада жұмыс жыл соңына дейін аяқталады.
Қала әкімі аудан және тиісті басқарма басшыларына халықтың өтініштері мен ұсыныстарын орындауда нақты тапсырмалар жүктеді.