«10 мың тұрғынға 100 орын»
Биыл Түркістан облысы бойынша 88 мыңнан астам адамды үш бағытта жұмыспен қамту шаралары жүзеге асуда. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Атап айтқанда, «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы» шеңберінде 70 мыңнан астам адамды жұмыспен қамту шараларына жолданып, Ұлттық жобалар аясында жаңадан ашылатын жұмыс орындарына 7 мыңнан астам адамды еңбекпен қамтылады. Сонымен бірге «10 мың тұрғынға 100 орын» бағытында жеке бастамалар арқылы 10 мыңнан астам адамды жұмыспен қамту шараларына тарту көзделуде.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте халықты жұмыспен қамту шаралары бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижесі қаралды. Түркістан облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, «Еңбек» бағыты бойынша жыл басынан бері 86 686 адам жұмыспен қамту шараларына қатысып, жылдық жоспар 123,4 пайызға орындалды.
– Жұмыс орындарын ашуда бюджетке тәуелді емес жаңа кәсіпорындарды көбейту маңызды. Осы ретте кәсіпкерлікке, ауыл шаруашылығына және жұмыспен қамтуға жауапты басқармалар бірлесе жұмыс атқаруы тиіс. Әр ауданға өз ерекшелігіне сай ауыл шаруашылығы және индустрия бойынша индикаторлар белгіленіп, жүзеге асырылуы қажет, – деді Д.Сатыбалды.
Биылдан бастап Ұлттық жобалар шеңберінде іске асырылатын барлық жобаларда жұмыс орындарын ашу көзделген. Облыс бойынша 364 жоба аясында ашылған 5 мыңға жуық бос жұмыс орны электронды еңбек биржасында жарияланып, жарияланған жұмыс орындарының 70 пайызына тұрғындар жұмысқа орналасты.
Облыс әкімі жұмыспен қамту шараларын күшейтіп, жұмысқа орналасқан азаматтардың әлеуметтік төлемдерінің дер кезінде жүзеге асуын қатаң қадағалауға алуды тапсырды.
Аппарат кеңесінде бюджет қаражатының игерілеуі қаралды. Бюджеттің кіріс бөлігі бойынша жыл басынан бері облыс бюджетіне түсетін өзіндік кірістер 111,8 млрд. теңге сомасында көзделіп, орындалуы 115,2 млрд. теңгені құрады немесе 3,4 млрд. теңгеге артығымен орындалды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды қаражатты толық әрі сапалы игеру бойынша тиісті шаралар қабылдауды тапсырды.