Күн тәртібінде-салық берешегі
Түлкібас ауданында ағымдағы жылдың 9-ай қорытындысымен жергілікті бюджеттің кіріс бөлігі 41 млн.теңгеден асса, соның 39 млн. 200 мың теңгесі салық түсімдерінен құралып отыр. Дегенмен, өткен жылдан өтпелі болып бүгінгі таңда 1375 жеке тұлғаның көлік салығы бойынша 34 млн.теңгеден астам берешек аудан қазынасына қайтпаған. Бұдан бөлек 1526 жеке тұлға мүлік және жер салығы бойынша қарыздар.
Бұл жайында аудан әкімі Нұрлан Байғұттың төрағалығымен өткен аппараттық жиында аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы А.Абдуалиев мәлімдеді. Сонымен қатар, басқарма басшысы барлық бағыттағы жылдық болжамды жоспарларға тоқталып, бюджеттің кіріс бөлігі жыл қорытындысымен толық орындалатының атап өтті.
Лездемелік жиында салық түсімдерінің орындалу барысынан бөлек аудан аумағындағы арық-атыздардың бүгінгі жағдайы, Шақпақ пен Жабағылы ауылдық округіндегі есептік кездесулерде көтерілген мәселелердің орындалу барысы қаралды.
Соңғы жылдары ауданымыздағы өзекті болып келген 125 шақырымды құрайтын 13 су нысанының құрылыс жұмыстары бүгінгі таңда 35 пайызға ғана аяқталған. Бұл бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстарды «Казсушар» мекемесінің аудандық бөлімшесінің басшысы Қ.Әзім баяндады. Яғни, жауапты өкілдің айтуынша бүгінде «ВИК» ЖШС мен келісім-шарт бұзылып, басқа мердігерге бұл жұмыстарды жалғастыруға беру мәселесі сотта қаралып жатқаның жеткізді.
Жиынды аудан әкімі қорытындылап, күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша жауапты басшыларға біршама тапсырмалар жүктеді.
Атап айтсақ, салық түсімдері бойынша берешектерді өндіру, Республика күні мерекесіне дейін аудан аумағында тазалық жұмыстарын жүргізіп, ескірген үгіт-насихат құралдарын толық жаңартуды тапсырды. Қысқа дайындық мәселесін пысықтау мақсатында барлық әлеуметтік нысандардың жылу жүйесін қайта тексеріп, газдан улану мен өрт қауіпсіздігін алдын алу бойынша насихат жұмыстарын жандандыру керектігін ескертті.
Халықпен есептік кездесулердегі көтерілген мәселелердің орындалуын үнемі қадағалап отыруды жүктеді. «Казсушар» мекемесінің өкіліне механикалық тазалауды қажет ететін су нысандарына тазалық жұмыстарын ауыл әкімдерімен бірге іске асыруды тапсырды.
Түлкібас ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі