Ұстазға бас иген күн
1994 жылдан бері қазан айының алғашқы жексенбісі мұғалімдер мен білім беру саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі ретінде белгіленіп, тойланып келеді. Дәстүрге айналған мерекені Төлеби ауданы да атап өтіп, мерекелік жиын аудандық Мәдениет үйінде өтті. Бұл туралы Төлеби ауданы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ұстаздар күні — бұл күні өзіне әріп танытып, білім нәрімен сусындатып, үлкен өмірге қадам басуына жол ашқан жандарға шәкірттерінің алғысын жеткізу мерекесі. Ұстаз - бұл ғылым мен ілімге жетелейтін маман ғана емес, адамды рухани байытатын тұлға.
Бүкіл адам баласы құрметпен бас иетін ұстаз деген ұлы атты арқалап жүрген маман иелерін кәсіби мерекесімен аудан әкімінің орынбасары Сержан Дүйсебаев, аудандық мәслихат хатшысы Нұрлан Қойбағаров құттықтады. Шуағы мол шапағат иелеріне Төлеби ауданының 90 жылдық мерейтойына арналған мерекелік төсбелгі, аудан әкімінің және мәслихат хатшысының «Алғыс хаттары» мен Грамота табыс етті. Бар ғұмырын бала тәрбиесіне сарп еткен зейнеткер ұстаздарға да ерекше құрмет көрсетілді. «Ұстаз жолы – ұлы жолы» тақырыбындағы жиын мерекелік концертке ұласып, Мәдениет саласының қызметкерлері өнерлерін паш етті.