Су тасқынына дайындық мәселесі пысықталды

Oinet.kz 03-10-2022 329

5fe172c734378177612037.jpg

Түркістан облысында 41 су қойма, 12 су торабы және 120 (5 ірі) өзен бар. Олар көктемгі су тасқыны кезеңіне дайын ба? Осы мәселе облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппарат отырысында кеңінен тарқатылды. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады. 

 Су қоймалардың көпшілігі жөндеуден өтпегендіктен тозығы жеткен. Жалпы 41 су қойманың ішінде 21 қойма жөндеуден өткен болса, 4 жаңа қойма бар. Қалған 16 су қойма жөндеуді талап етеді. Облыс әкімі тұрғындардың қауіпсіздігі басты назарда болуы тиіс екенін жеткізді.

– Су тасқыны мен селдің алдын алу – маңызды мәселе. Бұл түйткіл бақылауда болуы тиіс. Төтенше жағдай департаменті бірнеше басқармамен бірлесіп, «2021-2023 жылдарға арналған су тасқынына қарсы іс-шаралар кешені» Жол картасын тағы да жүйелеуі керек. Қанша қаржы керек, қай аумақтардағы су нысандары бірнші жөнделу қажет екенін саралап, бұл мәселені жүйелі түрде шешейік, – деді Д.Сатыбалды.

Түркістан облысының төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрғали Жүнісовтің айтуынша, 7 су қойманы шұғыл түрде көп факторлы зерттеуден өткізіп, қажетті жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет. Сырғыма және сел қауіпті аймақтарға 593 зерттеу жүргізілген.

Өңір басшысы су тасқынына қарсы қауіпсіздік шараларын тұрақты қадағалауда ұстауды тапсырды.

Аппарат отырысында Облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Нұрлыжан Букебаевтің баяндамасы тыңдалды. Ол облыстағы аудан, қалалардағы инженерлік желілер жөніндегі деректерді цифрландыру және түгендеу жұмыстары туралы баяндады. «Цифрландыру, ғылым мен инновация есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасын іске асыру көрсеткіштерінің бірі – елді мекендердің инженерлік желілерін цифрландыру. Облыста жалпы 12 аудан орталықтары бойынша жұмыстар басталып, 1 ауданда жұмыс толық аяқталған. Өңір басшысы осы бағыттағы жұмысты күшейтуді айтып, жауапты басшыларға тапсырмалар берді.


«Ұстаз жолы-ұлы жол»
Д.Сатыбалды тазалық мәселесін сынға алды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу