Ақсақал әкімге өтінішін жеткізді
Әкімдердің халықпен кездесуі – билік пен қоғам диалогын орнататын маңызды бағыт. Сондықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы" жарлыққа қол қойған болатын. Онда: "Барлық деңгейдегі әкімдер жыл бойы халықпен кездесулер өткізсін, олардың барысында халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерге баса назар аудара отырып, Қазақстанды жаңғыртудың жаңа бағдарының негізгі бағыттары туралы хабардар етсін және проблемалық мәселелерді шешудің жолдары мен мерзімдерін түсіндірсін" делінген. Сондай-ақ жаңа өзгерістерге сәйкес, әкімдер кездесу аяқталғаннан кейін азаматтарды жеке қабылдайды. Содан кейін проблемалы мәселелер жүйеленіп, оларды қаржыландыру мәслихат сессиясында қарастырылады. Осылайша, Қазақстан Республикасының барлық елді мекенінде тиісті өңірлердің басшылық құрамымен кездесулер өтуі тиіс.
Президенттің аталған тапсырмасына сай Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов қала тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдауға келген Хантағы ауылына қарасты Н.Төреқұлов көшесінен келген Д.Ормалдаев ақсақал ауылға жаңа көпір мен ескі бастауыш мектептің орнына жаңа мектеп қажеттілігін айта келген.
Бүгінгі таңда көпір салуға сметалық құжаттары әзірленген, алайда қаржы қаралған уақытқа дейін уақытша көпірді қалыпқа келтіретіні түсіндірілді. Жаңа мектеп салу үшін бала санының жеткіліксіздігі айтылып, елді-мекендегі балаларды ауыл орталығындағы мектепке көлікпен тасмалдау шарасы жүргізіліп жатқандығы түсіндірілді.
Сонымен қатар, ерекше балаларды оқытуға арналған орталық ашу бойынша айтылған ұсыныс барысы қолдау тапты. Ащысай ауылынан келген ауыл тұрғыны бірқатар мәселерін жолдады. Бұл бойынша тиісті шаралар қаралатыны айтылды.
Қала басшысы тұрғындардың әрбір ұсыныс-пікірін мұқият тыңдап, заң аясында жауап берді. Тиісті сала басшыларына мәселелерді назарға алып, тиісті жұмыстарды жүргізуді тапсырды.