Жолдау медицина саласына да серпін бермек
«AMANAT» партиясы Сауран аудандық филиалының атқарушы хатшысы Сағынбек Жақсыбекұлының қатысумен аудандық емхана қызметкерлерімен кездесу өтті. Кездесудің басты мақсаты мемлекет басшысының «ӘДІЛЕТТІ МЕМЛЕКЕТ.БІРТҰТАС ҰЛТ.БЕРЕКЕЛІ ҚОҒАМ» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауын қолдауға және насихаттауға негізделді. Аудандық емхана қызметкерлерімен өткен кездесуге «AMANAT» партиясы Сауран аудандық филиалының атқарушы хатшысы Сағынбек Жақсыбекұлы мен аудандық емхана басшысының орынбасары Нұрсұлтан Жансейтұлы қатысты.
Кездесу барысында Сағынбек Жақсыбекұлы Жолдаудың мемлекетіміз үшін, әсіресе халық үшін маңыздылығын түсіндіріп, оның ішінде медицина саласына қатысты тұстарына тоқталды.
"Мемлекет басшысы Жолдауының үшінші бағдары аясында медициналық инфрақұрылымды кешенді түрде жақсартуға баса назар аударатындығын жеткізді. Бұл дегеніміз, алдағы екі жылда қыруар жұмыстар атқарылып, еліміздегі 650 елді мекенде медициналық және фельдшерлік-акушерлік бөлімшелер салыну арқылы, бір миллионнан астам адамның алғашқы медициналық-санитарлық көмек алуына мүмкіндік жасалынады деген сөз. Яғни, салынған орталықтар қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етіліп, адам өмірін құтқару мүмкіндігі арта түседі",- дейді Сағынбек Жақсыбекұлы.
Сонымен қатар медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру мақсатында алдағы үш жылда резидентураға бөлінетін грант саны 70 пайызға көбейеді. Осылайша елімізде білікті мамандар қатары арта түспек.
"Ұлттық жоба аясында 32 аудандық аурухана заманға сай жаңарып, ауданаралық көпбейінді мекемеге айналатындығы, онда инсульттен емдеу орталықтары, хирургия, жансақтау және оңалту бөлімдері ашылатындығы, сол арқылы төрт миллионнан астам адамға көрсетілетін медициналық қызметтің сапасы артатындығын мемлекет басшысы қадап айтты. Сонымен қатар, телемедицина бағытын дамып, сол арқылы шалғайда тұратын халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетілетін болады",- дейді Нұрсұлтан Жансейтұлы.
Кездесуге келген медицина қызметкерлері Жолдау аясында қордаланған мәселелердің өз шешімдерін табатындығына сенім білдіріп, ел болашағы үшін бірлесе жұмыс атқаратындықтарын жеткізді.