Түлкібаста «Бауырбас» құрылтайы өтті
Түркістан облысы Түлкібас ауданында екінші республикалық «Бауырбас» құрылтайы өтті. 13 облыстан келген делегаттар елдегі қазақ билерінің рөлін айқындап, қазіргі таңдағы маңызды мәселелерге тоқталды. 200-ге жуық билер алқасының мүшесі ел бірлігін нығайту, жастар тәрбиесі, қазақ тілінің тағдыры секілді 5 бағыттағы мәселе бойынша пікір алмасты.
«Ел бірлігін нығайту, қазақ тілінің мәртебесі, жас ұрпақ тәрбиесі» – осы секілді 5 бағыттағы маңызды мәселе Түлкібас ауданында өткен келелі жиында талқыланды. 2-ші республикалық «Бауырбас» құрылтайы Түркістан облысының табиғаты тұмса аймағында өтті. Әр өңірдің билер алқасының мүшелері қатысқан маңызды кездесуде, көптеген мәселе көтеріліп, оны шешу жолдары ұсынылды.
«Маңыздылығы – билер институтын қалыптастыру. Қазір біздің қоғамда «жабайы билер» деген термин пайда болды ғой, әркім өз-өзін би сайлап алып жүр, тобырлар, тайпалар, қоғамдық бірлестіктер, әкімдер сайлап алады. Тіпті медиаторлардың да билері бар екен. Олай болмайды ғой! Би деген халықтың ортасынан сайланады, халықтың сөзін сөйлейді, ортаға әділдігін айта алатындай руға, жүзеге, ортаға бөлінбейтін халықтың адамы болу керек. Біздің негізгі қойып отырған мақсатымыз да сол»,- дейді Түркістан облысының биі Серік Ергебеков. Қазір билер кеңесінің қайта жаңғыртудың жолына түсті. Тап осы институттарды жандандыру мақсатындағы Елбасы Н.Назарбаев пен ел Президенті Қ.Тоқаевтың да өзіндік тұжырымдары бұл істің алға жылжуына ұйытқы болғаны рас.
Құрылтайға әр өңірден, нақтырақ айтқанда 13 облыс пен қаладан билер алқасының төрағалары мен мүшелері келді. Жалпы саны 200-ге жуық адам қатысқан жиын жыл сайын өткізіліп тұрады,- дейді ұйымдастырушылар.
«Бұл жерде күн тәртібіне қойылған мәселе – ел бірлігін сақтау, қазақ тілі, одан кейін жастардың келешегі, ата-баба салт-дәстүрін насихаттау, қоғамдық бірлестігінің қоғаммен ара-қатынасы және осы мәселеде жиын өткізіп жатырмыз. Бұл жерде жиналған мәселеміз – билердің басын қосып, тәжірибе алмасу мақсатында жиналып жатырмыз. Ары қарай істерімізді дамыту үшін, елмен, халықпен алтын көпір болып, халықтың мұң-мұқтажын өтініш хаттар жазып, акиматқа жеткізіп, сол арқылы талап ету. Акиматқа да рақмет, көп нәрселер орындалып жатыр»,- дейді «Шымкент билер алқасы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жексенбай Намазбеков.