Түркістанда іскер әйелдер форумы өтті
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін арттыру шаралары мен құралдары» атты іс-шарада "Бүгінде, еліміздің қыз-келіншектері түрлі салада қызмет етіп, табысқа жетуде. Бұл сіздерге тән еңбекқорлық пен іскерліктің айқын көрінісі. Әйелдердің қоғамдағы ролін кеңейте түсу мемлекеттіміздің алдында тұрған негізгі міндеттердің бірі. Осыған орай нақты шаралар қолға алынды. Соның арқасында еліміздегі шағын және орта бизнес саласында еңбек ететін әйелдердің үлесі 43%-дан асты. Жеке кәсіпкерлердің тең жартысынан көбі өздеріңіз сияқты қыз-келіншектер. Іскер аруларымыздың арқасында 1 миллионнан астам азаматымыз тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Біздің алдымызда тұрған негізгі міндет – әйелдерге ұдайы қолдау көрсету, олардың дамуына жан-жақты жағдай жасау. Осы орайда, Елбасының бастамасымен қабылданған 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасының мәні ерекше. Бұл маңызды құжат осы бағыттағы жұмысымызға айрықша серпін беріп отыр. ХХІ ғасырда әйел, бір жағынан, сұлулық пен ізгіліктің бейнесі болса, екінші жағынан, тұтас еліміздің дамуына ұйытқы болып отыр, - дей келе, әйелдердің бастамаларына қолдау көрсету керектігін баса айтқан болатын.
Осы ретте Түркістан облысында 155 мың кәсіпкер болса, соның 45 пайызын әйелдер қауымы құрап отыр. Бұл дегеніміз өңірдегі әрбір үшінші шағын және орта бизнес нәзік жандылардың бастамасымен ашылатынын білдіреді. Және бұл сандар жылдан жылға артуда. Бүгін осындай іскер әйелдердің форумы рухани астанада өтті. Жиында ханымдар түрлі тақырыпта әңгіме өрбітіп, алдағы жоспарларымен бөлісті. Басқосуда белсенді кәсіпкерлерге арнайы алғыс хаттар мен төсбелгілер табысталды.
Бір қолымен әлемді, бір қолымен бесікті тербеткен нәзік жандылар ден қойған кез келген іс берекелі болыры анық. Дәл бүгін түрлі саланың көшбасшыларына айналып, кәсібінен нәсіп тауып отырған іскер әйелдер Түркістанда бас қосты. Олардың арасында өз ісін 90-жылдардағы тоқырауда бастаған анадарымыз да, жаңа заманның мол мүмкіншіліктерне қол жеткізген жас бикештер де бар.
Жалпы іскер әйелдер кеңесі 2015 жылы Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының жанынан құрылған.Содан бері осындай форумды жыл сайын ұйымдастыру әдетке айналыпты.
Бүгінгі дәстүрге айналған шараға облысымыздың түкпір-түкпірінен 200-ден аса бизнес-ханымдар қатысты.Олардың кәсібі негізінен сауда, қоғамдық тамақтану, қызмет көрсету және тігін салаларында. Дегенмен, іскер әйелдер қатарында ерлердің жұмысы деп саналған бизнес түрін қолға алып жатқандары да бар екен. Солардың бірі Шақтыгүл Бекзатова. Ол ең алғаш өз кәсібін кез келген әйелдің жүрегі дауалай бермейтін егіншіліктен бастапты. Қазір 100 гектар жерге, бидай мен жоңышқа егетін шаруақожалықтың иесі. Сондай-ақ, ол осындай көлемді кәсібінің арқасында талай жанды жұмыспен қамтып отыр.
Облыс орталығы Түркістандық кәсіпкер әйелдер саны да күннен күнге артуда. Мәселен, өңірде жұмыс істеп тұрған кәсіпорынның 25 пайызын әйелдер басқарады екен. Ал,жеке кәсіпкерлер арасында олардың үлесі 55% - ды құрайтын көрінеді. Жеткен жетістіктері де орасан. Дизайнер Дильфуза Абдурасул этностильдегі ерекше киімдер тігумен айналысады. Арасында шет елдерде өз туындыларының көрсетілімін жасайды. Осылайша, қазақ халқын әлемге танытып жүр.
Кәсіпкер әйелдердің қоғам алар орны да ерекше. Олар тек бизнеспен айналысып қана қоймай, қосымша түрлі іс-шараларды ұйымдастыру мен қайырымдылықпен айналысу жұмыстарында белсенді. Шара соңында осындай игі істері үшін оларға арнайы алғыс хаттар мен төсбелгілер табысталды.