Гүлшат ерекше кәсіп бастады
Былтыр нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мерзімі аяқталған болатын. Осыған орай, былтыр қазанда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік бағдарламаларды ұлттық жобаларға трансформациялау жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында түрлі бағытта жобалар кешені әзірленді. Соның бірі - Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы. Аталған жоба кәсіпкерлік белсенділікті арттыруға, кәсіпкерлердің өсуін жеделдетуге, жаңа нишаларды қалыптастыруға, сонымен қоса бәсекелестікті дамытуға бағытталып отыр. Ағымдағы жылы жоба аясында республикада 443,8 мың жұмыс орны құрылады деп жоспарланған. Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы шеңберінде бес жылда 995 мыңнан аса жұмыс орны құрылады деп күтілуде.
Ордабасы ауданында азаматтарды жұмыспен қамту мәселесіне айқын басымдық беріліп келеді.Осы ретте аудан тұрғындарына екі қолға бір күрек табуға «Еңбек» бағдарламасы септігін тигізіп келеді. Жоғары оқу орнын бітіріп, қолына дипломын алған жастардан бастап, бала күтімінде отырған аналар, жұмыссыз өзге де азаматтар бағдарлама шеңберінде жұмыспен қамтылып келеді. Оның ішінде мамандығы бойынша жұмысқа тұрғандар, біліктілігін арттырып жаңа жұмыс орнын тапқандар, кәсіптік оқуды игеріп бизнес бастағандар, грант алып кәсібін кеңейткендер де бар.
Солардың бірі Шұбарсу ауылының тұрғыны, жеті баланың анасы Гүлшат Ақмұрзаева биыл мемлекеттік грант (400 АЕК) жеңіп алып, бизнес жоспарында көрсеткен кәсібін бастады. Яғни, гипстен түрлі бұйымдар, оның ішінде тиын жинайтын ыдыстар құяды.
Жасаған дүниелерін әлеуметтік желі, тамыр-таныстары арқылы саудалауда. Аталған кәсіпті интернеттен үйренген ол болашақта үйренуге ниет білдірген ауыл тұрғындарын баулымақ екен.
Жалпы, 2022 жылы аудан бойынша 170-тен астам азаматқа мемлекеттік грант беру жоспарланған.
Бүгінде кәсіп ашу жұмыссыздықпен күрестің басты құралына айналып отыр. Өйткені барлығына мемлекеттік мекемеден жұмыс тауып беру мүмкін емес. Әрі кәсіп ашу жұмыссыздықты азайтумен қатар қаланың экономикасының дамуына да ықпал етеді. Сол себепті кәсіп ашамын, бизнес бастаймын дейтін азаматтарға қолдау көп. Мұндай шаралар жоғарыда аталған ұлттық жобада да қарастырылған.