Кентау қаласының қауіпсіздігі күшейіп, тәртібі түзеліп келеді
Кентау қалалық қоғамдық кеңесінің қала басшысы Ж.Тасовтың қатысумен өткен кезекті отырысында қала тұрғындарының бірқатар мәселелерге байланысты наразылықтары айтылып, қала аумағында қоғамдық қауіпсіздік пен тәртіпті қамтамасыз ету барысында атқарылған жұмыстар талқыланды. Соңғы 5-6 жылдан бері шешімін таппай отырған өзекті проблемалардың бірі – ол қала аумағында қоғамдық орындарда бей-берекет жайылып жүрген мал-жануарлар. Осы мәселеге байланысты қалалық полиция бөлімі басшысының орынбасары Б.Янкин өз есебінде жыл басынан жүйелі, қарқынды жұмыс жасап жатқандарын кеңес мүшелері дәлелді видеоматериалдармен жоққа шығарды. Кеңес мүшелері Ж.Таукеева, А.Абдуллаев, У.Абдрахманов, М.Тунтеков «ҚР ішкі істер органдары туралы» Заңда полиция қызметкерлерінің бекітілген өкілеттіктерін толық пайдаланбай әлсіздік танытып отырғандарын жеткізді.
Қараусыз жүрген мал тазалық пен инфрақұрылымның тіршілік қызметін бұзумен қатар, жол-көлік қозғалысына қауіп төндіріп отырғаны анық. Бұл әрекетсіздік пе, әлсіздік пе әлде немқұрайдылық па? Әлде тек телеарналарға шығып, жыл басынан жүйелі және қарқынды жұмыс жасап жатқандарын көрсетумен ғана айналысады ма? Қала тұрғындарының қоғамдық кеңеске жолдаған бейнематериалдары қоғамдық тәртіп орнату бойынша атқарылып отырған жұмыс өте төмен деңгейде деп бағалауға толық негіз бар екендігін дәлелдеді. Бұл проблемаға қатысты басқа да қызметтердің жұмысы жеткіліксіз. Ветеринария саласының бұл мәселеге тікелей қатыстығы заңда белгіленген. Жануарларды аулау, уақытша ұстау осы сала мамандарына жүктелген.
Қоғамдық орындарда (көшелерде, аула аумақтарында, саябақтарда, скверлерде, қараусыз қалған ғимараттарда, қала шетінде, саяжай алқаптарында және басқа жерлерде) жануарлар иесінің қарауынсыз жүрген қараусыз қалған және қаңғыбас жануарлар аулауға жатады. – делінген. Осы міндеттер қалай орындалуда деген сұрақ?
«Жасыл қала» мекемесінің қызметі қандай жұмыстарды атқаруға міндетті? Қала көшелері мен демалыс орындарын күтіп ұстау жүмыстары қандай деңгейде? Неге бюджет есебінен отырғызылған тал-ағаштарды малға жегізіп қарап отыр? Неге бұл заң бұзушылықты бірлесіп біржолата жоймайды?
Уақытша ұстау алаңына қойылатын заң талаптары құрылыс сметасында толық көрсетілмеген. Талапқа сай жағдай қарастырылмаған, тек қана темір тормен қоршалған алаң, ішінде тал ағаштар, қураған тікенек басып кеткен. Аулаған ірі малды ол жерге жеткізуге және оны ұстауға мүмкін емес. «Жасыл қала» мекемесіне осы жұмысты жүйелі, нәтижелі атқару үшін не қажет? Адам ресурстары әлде қаржы жеткіліксіз бе? Мекеме тарапынан ешқандай ұсыныс жасалмаған.
Жазасыздық жауапсыздықты туындатса, әрекетсіздік азаматтардың билікке деген сенімсіздікке әкелетіні сөзсіз. Қаланың орталығын жайылымға айналдырып алған қараусыз мал егелерін қатаң жауапқа тарту үшін барлық заңда мүмкіндік бар. Құқық тәртібін сақтау әрбір азаматтың міндеті мен жауапкершілігі екенін ұмытпайық!
Отырыста қаладағы жолдардың жағдайын бейнематериалдар дәлелдеді. Су құбырлары жарылған жағдайда асфальтті бұзып, қайтып оны ретке келтірмей қалдырып кеткен көріністер. «Колодецтер» талапқа сай емес, біреулері төмен орнатылса, екіншілері тым биік, автокөліктер үнемі не түсіп жатады, не көліктің асты қирайды. Қазып кеткен жерлерге бұтақтарды қадап кетеді немесе бетон қалдықтарымен бастырып кетеді. Уалиханов көшесі бойындағы шұңқыр жабылмай жатқанына бір жылдан асты, алайда екі апта бұрын соның үстімен жаңа «разметка» жасап кеткен. Осындай жағдайлар жол-көлік қозғалысына кері әсерін тигізіп отырғанын жол полиция қызметкерлері көрмейді ме? Жол-көлік оқиғасы болса, жүргізуші жауапқа тартылады. Бұл қаншалықты заңды? Алайда, шара жүргізушіге қолданады. Жол бойында қозғалысқа кедергі жасап жүретін қайыршыларды да тоқтатуға әлсіздік танытып отырсыздар, құрметті сақшылар!
Қаламыздағы саябақтардың сын көтермейтін жағдайын бейнематериалдан көрсетілді. Қураған ағаш пен шөп өртеніп кетуге дайын тұр. Жарықтандыруға келетін болсақ, тек орталық аллея бойында орнатылған шамдар жанып тұр. Бұл жағдай С.Қожанов атындағы орталық саябақ пен «Кеншілер» саябағында орын алып отыр. Қаламыздың тарихында ерекше орын алған, бүгінгі таңда мүлдем қараусыз қалған «Кеншілер» саябағының жағдайы жүрек ауыртады. Қирап жатқан ғимараттар наркомандар жиналатын орынға айналып кетуіне күмән жоқ. Қолдан арнайы криминогендік аймақ жасалып отыр ма? Саябаққа кіре берісте полиция қызметіне ме, қарауыл қызметіне ме арнайы салынған будка қирап тұр. Соған қарамастан, сол аймақта тұратын тұрғындар бала-шағасымен саябаққа барады. Не көреді ол жерде? Өскелең ұрпаққа, әсіресе Президент жариялаған «Балалар жылында», қандай жағдай жасалды? Оларға бұйырғаны тек қираған саябақ, қираған аттракциондар ма? Егер осы салаға жауапты арнайы «Жасыл қала» мекемесінің саябақтарды күтіп-ұсатуға шамасы келмесе, онда мемлекеттік-жеке серіктестік аясында жұмыс атқару қажет шығар?
Қала әкімі Ж.Тасов қорытынды сөзінде полиция бөлімі тарапынан өздерінің әлсіздігіне ақталып айтқан уәждері қабылданбайтынын қатаң түрде жеткізді. Қалада қоғамдық тәртіпті орнату бойынша қала әкімдігінің тиісті бөлімдері де жауапты. Қоғамдық кеңес тарапынан айтылған сын-ескертпелер орынды және бірлесіп жұмыс атқаруға негіз екенін нақтылады. Қоғам алдында кез келген мемлекеттік органдар мен қызметтер есеп беруге тиіс, ал қоғамдық кеңес азаматтық қоғамның пікірін билікке жеткізуші орган!
Күн тәртібіндегі негізгі сұрақтардан кейін қала бюджетін нақтылау бойынша қалалық экономика және қаржы бөлімінің басшысы И.Азизбаевтың ұсыныстары талқыланды. Кейбір салалар бойынша жыл соңына дейін игерілмейтін, үнемделген қаржыны басқа бағытқа жолдау ұсыныстары қызу талқыланды. Мәселен, тұрғындарды тасымалдауға қосымша субсидиялау бойынша, кеңес мүшесі А.Паримбеков тұрғындардың белгіленген санаттарына көзделген жеңілдіктер туралы хабарламалар әрбір автобуста орнатылу қажеттігін талап етті. Бұл жұмысты атқаруға бір апта мерзім белгіленді. Тағы бір мәселе, кезінде көшелер бойында орнатылған қоқыс контейнерлерді қоршауға қосымша қаржы бөлу мәселесіне отырысқа қатысқан 12 мүшенің 5-еуі қарсылық білдірді.
Қоғамдық кеңестің кезекті отырысында қаралған мәселелерді қала тұрғындарының назарына ұсына отырып, қаламыздың дамуына қатысты мәселелерге белсенділік танытуға шақырамыз деді сала басшылары.