Түркістан облысы үздік үштікте
Түркістан облысының биылғы 8 айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері оң деңгейде қалыптасты. Өңірдегі жалпы сауда көлемі 219,7 миллиард теңгені құрап, 108,8 пайызға өсті. Түркістан облысы бөлшек сауда көлемі бойынша елімізде көш бастап тұр. Жыл басынан бергі бөлшек сауда көлемі 150,5 миллиард теңгеге жетіп, 112,4 пайызға өскен. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 533,9 миллиард теңгені, оның ішінде өңдеу өнеркәсібі өнімінің көлемі 224,2 миллиард теңгені құрап отыр.
Ал экономикалық өсудің негізгі драйвері ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 476,9 миллиард теңгені, немесе 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 103,9 пайызды құрады. Бұл ретте мал шаруашылығы +0,2 пайызға, ал егін шаруашылығы +9%-ға артты. Облыста сиыр сүтін өндіру +0,9 пайызға, тауық жұмыртқасы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда +10,5 пайызға ұлғайды.
Құрылыс жұмыстарының көлемі 168,6 миллиард теңгені, немесе өткен жылдың сәйкес кезеңіне 109,3 пайызды құрады. Осымен бірге, жалпы республика бойынша тұрғын үй құрылысының бәсеңдеуіне қарамастан, ағымдағы жылдың 8 ай қорытындысымен Түркістан облысында пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы алаңы +33,7 пайызға артты немесе 486,1 мың шаршы метрге жетті.
Сонымен қатар, облысқа 337,6 миллиард теңге инвестиция бағытталды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда +1,7 пайызға артық. Сондай-ақ ағымдағы жылғы тамызда тұтыну бағаларының индексі 2021 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда 113,8 пайызды құрады.
Бұдан бөлек, ағымдағы жылғы қаңтар-тамызда көлік және қоймалау саласы +10,6 пайызға артып, 285,8 миллиард теңгеге жетті. Байланыс қызметінің көлемі 4,9 миллиард теңгені, немесе 108,7 пайызды құрады. Бұл көрсеткіш бойынша облысымыз үздік үштікке енді.