Өңірде мақта терімі басталды

Oinet.kz 13-09-2022 270

Screenshot_12.png

Еліміздегі ақ мақтаны өсіретін бірден бір өңір - Түркістан облысында мақта терімі басталды. Биыл облыста мақта дақылының егіс көлемі 126,3 мың гектарды құрады. Бұл жалпы егістіктің 15 %. Шитті мақтаның түсімділігі гектарынан 27,3 центнерден 333,4 мың тонна жиналады деп болжануда. Бүгінгі күнде Жетісай, Мақтаарал аудандарында жиын-терім жұмыстары қарқынды жүргізілуде (2,1 мың га, 19,7 ц/га 4,1 мың тн). Қолда бар 595 бірлік комбайндардың 92%-ы жиын терім жұмыстарына дайын. Жалпы бұл салада 25 мыңнан астам агроқұрылымдар еңбек етеді.

Шитті мақтаның өткізу бағасы әлемдік нарықтағы мақта талшығының бағасына тікелей тәуелді және Ливерпуль мақта биржасының Индексіне сәйкес белгіленеді. Өткен жылы шитті мақтаның тоннасы 320 мың теңгеден қабылданды. Бұл өз кезегінде мақта шаруашылығымен айналысатын агроқұрылымдардың әлеуметтік экономикалық жағдайының жақсаруына оң әсерін тигізді. 

Бүгінгі күнге мақта бағасының 1 тоннасы 374 мың теңгені құрады. Шитті мақтаны қабылдау үшін 18 мақта өңдеу зауытының 209 бірлік мақта қабылдау бекеттері жұмыстарын жүргізеді. Бүгінгі күнде зауыттар тарапынан тауар өндірушілерге жиын-терім жұмыстары үшін 150 – 250 мың теңгеден алдын ала төлем жасалуда.

Мемлекет тарапынан күзгі жиын терім жұмыстарына 48 мың тн. жанар-жағар май (бағасы нарықтан 15-20 % төмен) және 522 түрлі минералды тыңайтқыштардың құнын 50 %-ын субсидиялауға бюджеттен 6 млрд.тг субсидия қаржысы бөлінді. Сонымен қатар 653 түрлі өсімдік зиянкестері мен ауруларына қарсы қолданылатын пестицидтер мен биопрепараттардың құнын субсидиялауға 521,4 млн.теңге қаржы қаралса, агроқұрылымдардың сатып алған тұқымының құнын арзандатуға 600 млн. теңге қаржы бөлінді.

 Жетісай ауданында биылғы жылы 80 мың гектарға жуық алқапқа мақта дәні себілген. Жалпы егістік жердің 49 500 гектары шитті мақтаны құрайды. Ерекше күтім мен баптауды қажет ететін техникалық дақылды теру науқаны басталғалы 1074 гектар алқаптың «ақ алтыны» теріліп, 1861,70 тонна өнім алынған. Бірінші терімнің өзінде өнімділік гектарына орта есеппен 18 центнерді құрап отыр. Сала мамандарының айтуынша биылғы науқанда мақталықтың 80 пайызға жуығын техникамен теру жоспарланып отыр.

Ақ ұлпаны техникамен теруді бастағандардың бірі – Ынтымақ ауылдық округінде орналасқан «Бақдәулет» шаруа қожалығы. Иелігіндегі 20 гектар жерге қосымша 30 гектар егістікті жалға алған қожалық төрағасы Серікбай Ахынов «Мақтаарал 40-11» сортты шит сеуіп, гектарынан 20 центнерден өнім алуда.

- Биыл жетісайлық шаруалар жалпы 49 500 гектар жерге мақта шитін сепкен. Қазігі таңда диқандарымыз мақтаға қажетті агротехникалық шараларды аяқтап, жаппай мақта жинау науқанын бастап кетті. Аудан бойынша 29 673 мың гектар мақталық алқапқа дефоляция жұмыстары жүргізілген. Мақта жинау техникалары, 7 мақта зауыты мен 81 мақта қабылдау пункттері биылғы науқанға толықтай дайын тұр. Күзгі жиын-терім науқанын жауын-шашынға қалдырмай, ысырапсыз сәтті өткізу – баршамыздың ортақ міндетіміз,- дейді аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Марат Абуов.

Одан бөлек, аудан бойынша күзгі дала жұмыстарына қатысатын 1897 дана ауыл шаруашылық техникаларының 224-і мақта терімге арналған комбайндар болса, бір ғана Ынтымақ ауылдық округінде 151 ауыл шаруашылығы техникалары мен агрегаттары науқанға сақадай сай тұр.

Негізгі күн көрісі мен әлеуметтік-экономикалық дамуы аграрлы секторға тікелей байланысты Жетісай ауданының шаруа-дихандары үшін күн көзінің әрбір сәтін тиімді пайдалану аса маңызды. Ерте көктемнен басталатын еңбек еш кетпеуі үшін жиын-терім науқанындағы өнім бағасының жоғары, қырманның берекелі болуы да көптің тілеуі.

Түркістан облысы үздік үштікте
Түлкібаста 4 ФАТ салынады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу