Жаңа Қазақстан - жастардың дәуірі

Oinet.kz 07-09-2022 189

Screenshot_4.png

Бүгін Ақмешіт шатқалындағы «Таң сұлу» демалыс орталығында Төлеби ауданының әкімі Төлеген Телғараев аудан  жастарымен кездесті. «Жаңа Қазақстан – бұл біз жастар» тақырыбындағы басқосуда жастар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірлерін жеткізді.  Ашық аспан аясында еркін форматтағы кездесуге Жастар ресурстық орталығының өкілдері, қала, ауылдық округтердің белсенді жастары,  мәдениет, өнер, спорт  саласында еңбек етіп жүрген жас мамандар,  жас кәсіпкерлер қатысты.

Жастармен сұхбат жүргізу арқылы аудан басшысы олардың көкейінде жүрген сауалдарын тыңдап, олар бойынша атқарылып жатқан жұмыстар барысымен таныстырды. Кездесуді жас ақын Бекарыс Рахматтулаев ашып, аудан аумағында бойында ақындық таланты бар,  өлең жазуға шебер жастарға қолдау көрсетіп, кабинет ашу жөніндегі ұсынысын жеткізді. Тимур Тастанов жастарды өз ойларын ашық айтуға шақырып, ауданның 90 жылдық мерейтойы қарсаңында өтіп жатқан  «Туған өлке тарихы»  атты интеллектуалдық сайыстың деңгейін облыстық дәрежеге көтеруді ұсынды. 

Бұқараалық спортты дамыту мақсатында елді мекендерге «street workout» көптеп орнату жөніндегі ұсыныс та кездесу барысында айтылды.  Бақдәулет Әлімхан «Жастар ресурстық орталығы» ғимаратында «Жас сахна» үйірмесін іске қосқанын, тәрбиеленушілер бүгінгі күні көптеген өнер сайыстарына қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүргенін айтып, театр жұмысын жандандыруға қолдау көрсетуді сұрады.

Кездесуде мемлекеттік мекемелерге пандус орнату мәселесі де көтерілді.  Көңілді тапқырлар клубының ойыншылары «Төлеби ауданы әкімінің» кубогы деп аталатын сайыс өткізуді ұсынса, Тағайна жалпы орта мектебінің директоры білім ордасындағы «Жас қыран», «Жас ұлан» үйірмелерінің жұмысын жалғастыруға қолдау қажеттігін айтты.  

Жас кәсіпкерлер жеңілдетілген несие, қайтарымсыз грант алу үшін құжаттарды рәсімдеуде  кездесетін кедергілерді  сөз етті. Сондай-ақ, елді мекендердегі талантты жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндіктер жасау мақсатында клубтарды іске қосуды сұранды. 

Дола Гасанова жастардың мамыр айынан «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша жұмыс істегенін, бірақ соңғы айда қаржыландыру болмауына  байланысты тоқтап қалғанын айтты. 

Төлеби ауданының кіріс бөлігін ұлғайту мақсатында шағын және орта бизнес пен  туризм саласын дамыту, тау баурайындағы демалыс орындарын ауданға тіркеп, олардың тұрақты түрде салық төлеп отыру арқылы көбейту жөнінде ұсыныстар айтылды. 

«Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы мектепе ұстаздық етіп жүрген жастар тұрғын үй құрылысына жеңілдетілген несие алу жолдары бойынша сұрақтар қойды. 

Депутат Мақсат Тұрымбетов аудандық музей ғимаратының тарлығын сөз етіп, «Төлеби баба» атындағы музей ғимаратын ашу жөнінде жоба жасалғанын айтып, оны қашан іске қосылатыны жөнінде сұрады. 

Кездесу барысында жастар мемлекеттік бағдарламалар арқылы құрылысы жүргізілген үйлерден пәтер алу жолдарына қатысты сұрақтар қойып, ІТ саласының маманы, жас кәсіпкер Бәйдібек Нұрланұлы осы салада еңбек етемін деген жастарға көмек көрсетуге әзір екенін жеткізді.  Басқосуда аудан басшысы тарапына бос уақытын қалай өткізеді, отбасы жөнінде сауалдар қойылды. 

Кездесу аясында Төлеген Тұртайұлы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының қолдауымен жастарға мемлекет тарапынан әрдайым қолдау көрсетіліп келетіндігін тілге тиек етті. Сондай-ақ, жастар саясатын қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар жөнінде әңгімеледім. Әкім Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы VII шақырылымдағы ҚР Парламентінің үшінші сессиясында "Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам" атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған жастарға көрсетілетін қолдауларды түсіндірді.  

Жастардың айтқан ұсыныстарын негізге ала отырып, аудан әкімі Президенттің  алға қойған мақсаттарына қол жеткізу үшін алған білімдері мен күш-жігерлерін ауданымыздың өсіп-өркендеуі жолында жұмсауларына тілектестігін  білдірді. Бірқатар белсенді жастарға әкім Төлеби ауданының 90 жылдығына арналған мерекелік төсбелгі мен  «Алғыс хат» табыс етті.


Тұрғындар сауалына жауап берілді
Достық тұрғындары өтініштерін айтты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу