Тұрғындар сауалына жауап берілді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басында орталық атқарушы органдар басшылары мен әкімдердің халыққа есеп беру кездесулерін өткізудің жаңа тәртібін бекіткен болатын. Жаңа құжатта "Барлық деңгейдегі әкімдер жыл бойы халықпен кездесулер өткізсін, олардың барысында халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерге баса назар аудара отырып, Қазақстанды жаңғыртудың жаңа бағдарының негізгі бағыттары туралы хабардар етсін және проблемалық мәселелерді шешудің жолдары мен мерзімдерін түсіндірсін" делінген. құжат бойынша, облыс әкімі жарты жылда бір рет "әр ауданда және облыстық маңызы бар әр қалада кемінде бір көшпелі кездесу", республикалық маңызы бар қала, астана әкімі "қаланың әр ауданында тоқсан сайын кемінде бір көшпелі кездесу", аудан әкімі "әр ауылда, кентте, ауылдық округте, аудандық маңызы бар қалада тоқсан сайын кемінде бір көшпелі кездесу" өткізуі тиіс.
Осы ретте Төлеби ауданының әкімі Төлеген Телғараев Зертас ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Мамыр айында өткен кездесуде округ халқы 3 мәселе, жеке қабылдауға 4 азамат кіріп, 5 мәселе көтерді. Мамыр айында өткен кездесуде көтерілген мәселелер негізінде жүзеге асып жатқан жобалар:
Зертас елді мекеніндегі «ҚазПошта» мекемесінің теңгерімінде бос тұрған ғимаратқа ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізіп, қайта іске қосу үшін тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Еламан-Сауран көшесіндегі 1,2 шақырым, Жамбыл көшесіндегі 3,2 шақырым электр жүйелері мен апатты жағдайдағы бағаналары ауыстырылуда.
Аудан басшысы ескірген ауыл шаруашылық техникаларын ауыстыру мәселесіне орай, оны жаңарту үшін кәсіпкерлер «ҚазАгроҚаржы», РИЦ «Оңтүстік» арқылы лизингке алу мүмкіндіктері бар екенін түсіндірді.
Зертас елді мекенінде ауыз су құбырларын жүргізу кезінде көтерілген мәселелер бойынша мердігер мекеме «Ақмешіт Мелиоратор» ЖШС –і 3 ұңғыма қазып, резервуар құрылысын аяқтап, су құдықтарын орнатып, қазылған траншеяларды жабу жұмыстарын жүргізуде.
Жаңакүш елді мекеніндегі байланыс жүйесін жақсарту мақсатында станция орнату ісі жылдың соңына шешімін табады.
Жалпы, Зертас ауылдық округіндегі ішкі көшелердің қанағаттарлық жағдайы 70,3 пайызды құрайды. Жаңақұрылыс 2 және 3 көшелеріне тас төсеу, құбыр орнату, асфальт төсеу жұмыстары аяқталды. Ал, Сәтпаев көшесіне тас төселді, қалған құрылыс жұмыстары келесі жылға өтпелі. Округте табиғи газ мәселесі шешімін тапқан. Зертас елді мекенінде 64,0 шақырымды құрайтын ауыз су құбыры жаңартылып, 2 дана резервуар қойылып, 353 дана су құдығы орнатылды. Жаңакүш елді мекенін орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосу бағытында тиісті жұмыстар жүргізілуде. Округ бойынша 7,020 шақырым түнгі жарық қойылған. Үлкен жүк көліктерінің жүруіне шектеу қою бағытында арнайы белгілер орнатылуда.
Зертас ауылдық округі халқымен өткен кездесуден кейін, тұрғындарды жеке мәселесі бойынша қабылдады. Қабылдауға кірген азаматтардың басым көпшілігі әлеуметтік көмек көрсетуді сұрады. Жиһаз өндіру ісін қолға алған жеке кәсіпкер кәсібін кеңейту мақсатында қосымша ғимараттарды іске қосуды мақсат еткенін айтып, инфрақұрылым тарту ісіне және қаржылай көмек алуға қолдау сұрады.
Көпбалалы ана 2019 жылы тұрғын үй кезегінде тұрғанын айтып, пәтер алу мүмкіндігі жөнінде сұрастырды. Төрт баланың анасы асыраушысынан айырылуына байланысты, апатты жағдайдағы тұрғын үйін өз қаржысымен жөндей алмайтынын айтып, көмек сұрады. Алты баланың анасы атаулы әлеуметтік көмекке қол жеткізе алмай жүргенін, тұрғын үй кезегіне тұра алмағанын айтып, жолдасын тұрақты жұмысқа орнату мүмкіндіктеріне қатысты сұрақтар қойды.
Аудан басшысы әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасыларды анықтап, қиын жағдайдағы жанұяларға жәрдем ұйымдастыру қажеттігін айтып, сала басшыларына тапсырмалар берді. Көмек демеушілердің көмегімен және тұрмыстық мүмкіндіктерін зерделей келе, мемлекеттік бағдарламалар арқылы жүзеге асырылатынын айтты.