«Тіл ғұмыры – ұлт ғұмыры»
Бүгін Сарыағаш ауданында «Тіл ғұмыры – ұлт ғұмыры» атты Қазақстан халқы тілдерінің күні және қазақ даласының ағартушысы «Ұлт ұстазы» Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдық мерейтойына арналған мерекелік шара өтті. Аталмыш шараға орай аудандағы қызмет атқаратын этномәдени бірлестіктердің тілін, мәдениетін, салт-дәстүрін айшықтайтын арнайы көрме жасақталды.
Мерекелік жиынды аудан әкімі Мұхит Отаршиев ашып беріп, құттықтау сөз сөйледі. Сондай-ақ мемлекеттік тілдің маңыздылығы мен еліміздегі жүзеге асырылып жатқан тіл саясатына, ауданымызда осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
- Сіздерді Қазақстан халқы тілдерінің күні мерекесімен қатар, қазақ даласының ағартушысы «Ұлт ұстазы» Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын. Тіл – бүкіл адамзат баласының байланыс құралы. Бір ғана біздің ауданымыздың өзінде 30-дан астам ұлт өкілдері мекендейді. Қаншама ұлттардың бір шаңырақ астында бейбіт, тату өмір сүруінде тілдің алар орны ерекше. Тіл – халық игілігі, ол ұлттардың бірігуі мен топтасуына ықпал етеді, тәрбие бастауы мен барлық азаматтарының достығы, ағайындығы мен бірлігінің нышаны. Мәңгілік елдің – мәңгілік тілі тұғырлы болуы жолында баршамыз аянбай еңбек етіп, үлесімізді қосуға шақырамын. Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға табыс пен береке, жерімізге ырыс – қуат, елімізге тыныштық тілеймін!– деп жылы лебізін білдіріп, осы саланың майталмандарын арнайы «Алғыс хатпен» және гүл шоқтарымен марапаттады.
Сонымен қатар, аудандық мәслихат депутаты Ш.Ибрагимов және аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Сүлейменов тіл саласының қызметкерлерін мерекелерімен құттықтап, ауданға осы салада еңбек сіңірген азаматтарды «Алғыс хаттармен» марапаттады.
Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, әрбір этнос өкілінің мемлекеттік тілді білуге деген ұмтылысын арттыру, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы аясында оның еңбектерін дәріптеу, кеңінен насихаттау мақсатында ұйымдастырылған жиын мерекелік концертке ұласты. Аудандағы өнерлі жастармен қатар, түрлі этнос өкілдері өнер көрсетіп, қазақ тілінде өлең оқып, ән шырқады.