Халықпен жиі кездесу оң нәтиже беруде
Республикада барлық әкімдер бүгінге дейін "халықпен кездесу жиындарын" өткізіп жүрді. Бірақ ол жиындар көбіне ұзақ баяндама, алдын ала дайындалған сұрақтар түрінде өткізіліп, халықтың сынына жиі ұшырайтын. Дайындалған адамдар жиын өтетін орындарға күні бұрын келіп, белсенділерге орын жетпей қалатын кездер де болған. Сондықтан Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 7 наурызда "Әкімдердің халықпен кездесулер өткізуі туралы" жарлыққа қол қойған болатын. Онда "Барлық деңгейдегі әкімдер жыл бойы халықпен кездесулер өткізсін, олардың барысында халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерге баса назар аудара отырып, Қазақстанды жаңғыртудың жаңа бағдарының негізгі бағыттары туралы хабардар етсін және проблемалық мәселелерді шешудің жолдары мен мерзімдерін түсіндірсін" делінген. Жаңа құжат бойынша, облыс әкімі жарты жылда бір рет "әр ауданда және облыстық маңызы бар әр қалада кемінде бір көшпелі кездесу", республикалық маңызы бар қала, астана әкімі "қаланың әр ауданында тоқсан сайын кемінде бір көшпелі кездесу", аудан әкімі "әр ауылда, кентте, ауылдық округте, аудандық маңызы бар қалада тоқсан сайын кемінде бір көшпелі кездесу" өткізуі тиіс.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Қазығұрт ауданының әкімі Арман Абдуллаев Қақпақ және Қызылқия ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесіп, талап-тілектерін тыңдады.
Алдымен Арман Айдарұлы Қақпақ ауыл округіне қарасты Сырлысай елді мекеніндегі 200 орындық мектептің құрылысы мен Тассай қашыртқы каналының механикалық тазалау жұмыстарын аралап көрді.Содан соң Қақпақ ауыл округіндегі Заңғар елді мекенінде тұрғындарымен кездесіп, ауыл тұрғындары аудан әкіміне көкейде жүрген сауалдарын жеткізді. Мәселен, қақпақтықтар ауыз су, ішкі көшелерге шағал төсеу, канал тазалау туралы өтініш-тілектерін жеткізді. Мұнан кейін халықпен көшпелі кездесу Қызылқия ауылдық округінде жалғасын тапты. Ауыл тұрғындары тарапынан жайылым жер, мектептің құрылысы, ауыз су, жол кедергілерін қою мәселелер көтерілді. Аудан басшысы кездесулерде көтерілген сауалдар мен өтініштердің барлығы заң аясында кезең-кезеңімен шешімін табатынын және әр сауал жеке бақылауында болатынын жеткізді.
Сонымен қатар белгіленген кестеге сәйкес аудан әкімінің кезекті тұрғындармен кездесуі Тұрбат, Шарбұлақ ауылдық округтерінде жалғасты. Алдымен аудан басшысы Тұрбат ауыл округіне қарасты Өндіріс елді мекеніндегі электр бағаналарының құрылысын аралап, ауыл халқымен кездесті, содан соң Тұрбат ауылындағы таза ауыз су құрылысымен танысты. Қызылдихан елді мекенінде ұйымдастырылған ашық форматтағы жиынға ауыл ақсақалдары мен тұрғындары жиналып, округ аумағындағы өзекті мәселелердің шешу жолдары талқыланды. Жиын аудан басшысы тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беруден басталды.
Қызылдихан және Ақбастау ауыл тұрғындары тарапынан автожол, білім саласына және ескірген бағаналарды ауыстыру, ауыз су, Медициналық тірек салу, Т. Тула мектебінің құрылысы, көше жарығы, жол кедергілері қою, Ақбастау мектебінің құрылысна қатысты көтерілген мәселелерге Заң талаптарына сай жауап берді.