Құтарыста бірқатар мәселелер шешімін тапты
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 7 наурызда "Әкімдердің халықпен кездесулер өткізуі туралы" жарлыққа қол қойған болатын. Онда "Барлық деңгейдегі әкімдер жыл бойы халықпен кездесулер өткізсін, олардың барысында халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерге баса назар аудара отырып, Қазақстанды жаңғыртудың жаңа бағдарының негізгі бағыттары туралы хабардар етсін және проблемалық мәселелерді шешудің жолдары мен мерзімдерін түсіндірсін" делінген. Жаңа құжат бойынша, облыс әкімі жарты жылда бір рет "әр ауданда және облыстық маңызы бар әр қалада кемінде бір көшпелі кездесу", республикалық маңызы бар қала, астана әкімі "қаланың әр ауданында тоқсан сайын кемінде бір көшпелі кездесу", аудан әкімі "әр ауылда, кентте, ауылдық округте, аудандық маңызы бар қалада тоқсан сайын кемінде бір көшпелі кездесу" өткізуі тиіс.
Жарлыққа сәйкес Сайрам ауданының әкімі Ұласбек Сәдібеков Құтарыс ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті.
Ауылдық округі әкімі аппаратының мәжіліс залында өткен жиында аудан басшысы тұрғындармен 2022 жылдың ІІ тоқсанында өткен кездесуінде көтерілген жеке мәселелердің нәтижесіне тоқталды. Олардың ішінде бірқатар мәселелер шешімін тапқанын, ал қалғандары бақылауда тұрғанын айтты.
Атап айтқанда,
1. Құтарыс елді мекенінде С.Сейфуллин көшесіндегі электр бағаналарын жөндеу.
- Аталған көшеге электр трансформаторы демеушілер есебінен орнатылып, тозығы жеткен 2 дана электр бағанасы ауыстырылды.
2. «Қызыл сай» каналын механикалық тазалаудан өткізу.
- «Қызыл сай» каналының елді мекен ішінен өтетін қажетті 2,5 шақырым бөлігін механикалық тазалаудан өткізілді.
3. Құтарыс ауылында медициналық амбулатория салу.
- Биылғы жылдан бастап Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау министрлігі жанынан «Ауылдық жерде денсаулық сақтауды жаңғырту» бағдарламасы аясында Түркістан облысы бойынша 120 денсаулық сақтау нысанының құрылысын жүргізу жоспарлануда. Құтарыс ауылындағы медициналық амбулатория құрылысы аталған бағдарламаға енгізілді.
4. Оймауыт елді мекеніндегі 5 шақырым тас жолды күрделі жөндеуден өткізу.
- Оймауыт ауылына баратын 5 шақырым жолдың жөндеу жұмыстарына 109,0 миллион теңгеге жобалық-сметалық құжаттары дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өткізу үшін тиісті құжаттар тапсырылған. Алдағы жылы жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады.
5. Құтарыс ауылдық округіндегі елді мекендерде интернет желісін жылдамдату.
- Өңіраралық байланыс инспекциясы тарапынан интернет жылдамдығы тексеріліп, зерделенді. Құтарыс елді мекенін интернет жылдамдығын қайта модернизациялауға облыстық цифрландыру басқармасына ұсыныс енгізілді.
6. «Мұсабек» каналының басына шлюз орнату және бетондау жұмыстарын жүргізу.
- Аталған каналды бетондау және шлюз орнату бойынша жоба жасау үшін облыстық салалық басқармаға тиісті құжаттар ұсынылды. Қаржы мәселесі қолдау табылған соң, жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады.
7. Құтарыс ауылдық округінен Қарабұлақ ауылындағы ауруханаға баратын жолды жөндеу.
- Ағымдағы жылы жергілікті бюджет есебінен мердігер мекеме «Теміртас» ЖШС-і тарапынан орташа жөндеуден өтті.
8. Елді мекен тұрғындарына Құтарыс-Ақсукент бағытында қоғамдық көлік қызметін ұйымдастыру.
- Шымкент қаласынан Құтарыс ауылына қарай бағыттағы жолаушыларды тасымалдау қызметі көрсетілуде. Өйткені, жергілікті тұрғындардың негізгі бөлігі Шымкент қаласына қатынап, жұмыс істейді. 2020 жылы аудан орталығынан Оймауыт пен Құтарыс ауылдарына күніне 1 рет қатынайтын шағын автобус жүргізілген. Бірақ, Ақсукент ауылына келетін тұрғындардың болмауына байланысты, аталған бағыт тиімсіз болуына байланысты жабылған. Қазіргі таңда тұрғындардың сұранысы бойынша аталған бағытты қайта ашу үшін бюджеттен субсидиялау мәселесі қарастырылуда.
Кездесуде тұрғындар аудан әкімінің ықпалымен бюджет және демеушілер есебінен шешімін тапқан мәселелерге дән ризашылықтарын білдірді. Сонымен қатар, көкейлеріндегі жеке мәселелерін де жеткізді.
Осы ретте, ауыл тұрғындарының тұрмыстық және әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін коммуналдық жүйелермен қамту, жайылым жерлерді мемлекет меншігіне қайтару, жол қауіпсіздігін сақтау үшін жол кедергілерін орнату, каналдарды механикалық тазалаудан өткізу секілді бірнеше мәселе болды.
Аталған мәселелер бойынша заңға сәйкес түсіндіріліп, жауаптары ұсынылып, бақылауға алынды.