Сенаторлар шаруалармен кездесті
Қазақстан Республикасының Парламенті Сенатының депутаттары Ә.Бектаев және Ә.Құртаев Сайрам ауданында іс-сапарымен болды. Көлкент ауылдық округіне қарасты Көлкент көлінде өткен іс-сапар барысында жергілікті тұрғындардың жағдайымен және екі өнім өсіретін шаруа қожалығының жұмысымен танысты. Кездесудің негізгі мақсаты - елді мекен тұрғындарының тыныс-тіршілігі мен туындаған мәселелерімен танысу, шешілу жолдарын қарастыру.
Кездесуді аудан әкімінің орынбасары Хасанов Бахытбек жүргізіп отырды. Оған аудандық дербес бөлім басшылары, "Amanat Partiyasy Sairam Audany" филиалының Атқарушысы хатшысы Алмас Әбдіқадіров және тұрғындар қатысты. Осы мақсатта халықтың игілігі мен мемлекеттің дамуы үшін Қазақстан Республикасында қолданысқа жаңадан енген заңдарға, сонымен қатар талқыланып, қаралып отырған заң жобаларына, қабылданған өзге де өзгерістерге тоқталып өтті.
Жиында бірқатар тұрғындар мен белсенділер тарапынан егінді суғаруға су науаларын салу, белгілі кәсіпкер Х.Сармановқа қатысты қылмыстық іс, азық-түлік және ауыл шаруашылық өнімдері бағаларының негізсіз өсуін тоқтату, ауыз су жүйелерін қаржыландыру, интернет желісін жылдамдату секілді өзекті мәселелерді зерделеп, шешімін табуға ықпал етулерін сұранды.
Сенаторлар барлық сұрақтарды заң аясында қарап, бақылауға алынатынын айтып, нақты жауаптарын берді. Алдағы уақытта жазбаша ұсыныс хаттарды жолдау қажеттігін ескертті.
Кездесуде ауыл ақсақалдары ауданға ат басын бұрып келгендері үшін ризашылықтарын білдіріп, ақ баталарын берді.
Кездесуден кейін халық қалаулылары «Ёшлик» шаруа қожалығында болып, екі өнім өсіретін шаруашылықтың жұмысымен танысты. Шаруа қожалығының басшысы К.Рустемовтің пікірінше, 4 гектар аумағын құрайтын жеріне бірінші айналымында картоп егіліп, гектарына 25-30 тоннаға жуық өнімдерін жинап алған. Екінші айналымында қияр және қырыққабат көкөністерін өсіруде. Қияр өнімінің 2-3 терімі болды. Ал, жақын күндері қырыққабат өнімдері сатылымға шығарылатын болады. Жалпы әр гектарынан 60-80 тонна шамасында өнім алуды көздеп отыр. Өнімділікті арттыру үшін тыңайтқыштар және қажетті дәрумендер берілуде. Шаруа қожалығының басшысы ағын су мәселесі және ауыл шаруашылығын қолдау мақсатында мемлекет тарапынан қаралған көмектерді көрсетуді сұранды.
Өз кезегінде табиғи таза өнімді өндіру және өнімділігін арттыру бағытында ауыл шаруашылығына қолдау көрсетілетіні, субсидиялар негізінен ірі бизнес субъектілеріне және де технологиялық процестерді қолдауға бағытталғаны түсіндірілді. Аралау соңында шаруа қожалығының мол өнімге қол жеткізіп, бейнетті еңбектің берекелді болуына тілектерін жеткізді.