Сайрамда облыстық маңызы бар жолдар жөнделуде

Oinet.kz 28-08-2022 297

Screenshot_11.png

Мемлекет басшысының бастамасымен 2021 жылдың 12 қазанында Қазақстан Республикасы Үкіметінің  «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы енгізілген болатын. Көлік жолдарын жақсарту арқылы еліміздің транзиттік және логистикалық әлеуетін арттыру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтарының сапасын көтеру және Қазақстан халқының көрсетілетін қызметтерге кедергісіз қол жеткізуін қамтамасыз ету  жобаның негізгі мақсаты болып саналады. «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасының көліктік байланыс саласының деңгейін көтеруге бағытталған екінші бағытында  екі міндет көзделген. Олар – ішкі көлік желісін дамыту және аумақтардың сыртқы байланысының сапасы мен қолжетімділігін арттыру. Атап өтсек, ішкі көлік желісін дамыту бағдарламасы аясында он бір мың шақырым республикалық маңызы бар, жиырма жеті мың шақырым жергілікті жолдарды жаңадан салу және қайта жөндеуден өткізу жоспарланған. 2025 жылға дейін атқарылатын осы жұмыстардың нәтижесінде республикалық маңызы бар жолдардың барлығы, сондай-ақ, жергілікті маңызы бар жолдардың 95 пайызы жақсы және қанағаттанарлық жағдайға жеткізілетін болады. Сонымен бірге, қолға алынған жоба аясында Ұлттық стандартқа сәйкес, автокөлік жолдарының бойына екі жарым мыңға жуық сервистік нысандар салынады.

Жоба аясында Түркістан облысы Сайрам ауданында жолдар жөнделіп, ретке келуде. Сала мамандарының мәліметіне сенсек ауданда  бүгінгі таңда жалпы ұзындығы 18,800 шақырымға, ені 7 м жуық арақашықтағы облыстық маңызы бар КХ-38 "Көлкент-Ақсуабад-Манкент" автокөлік жолы күрделі жөндеуден өтуде. Құрылысы ағымдағы жылдың наурыз айында басталған. Нысан өтпелі болғанымен, биыл қыркүйек айына соңына құрылысын аяқтау жоспарлануда. Ескі асфальт  алынып, жолға жаңа асфальт төселуде.

Бұдан бөлек, аудандық маңызы бар КХ-36 «Аксу-Көмешбұлақ» автокөлік жолына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Автокөлік жолының ұзындығы 7 шақырым болса, ал ені 6 метрден тұрады. Аталған жол Ақсукент ауылындағы Жібек Жолы көшесінен басталып, Ы.Иманалиев көшесі арқылы Әйтеке би ауылына дейінгі арақашықтықты құрайды. Мердігер мекеме биыл 11 тамызынан бастап жөндеу жұмыстарына кіріскен болатын. Аталған нысан 2023 жылға өтпелі.

Ағымдағы жылы жолдың күрделі жөндеуден өтуіне қаралған қаржылар есебінен бірқатар жұмыстар атқарылды. Жол бетіндегі ескі асфальт алынып тасталды. Орнына шағал тас төсеуге дайындық жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар, аудандық маңызы бар КХ-40 «Аксу-Манкент-Жібек-Жолы» автокөлік жолына күрделі жөндеу жұмыстары қызу жүргізілуде. Автокөлік жолының ұзындығы 13,033 шақырымды құрайды. Аталған жол Ақсукент ауылынан Манкент ауылы арқылы Сихым ауылынан Жібек-Жолы ауылына өтеді. Ағымдағы жылы қарастырылған қаржыларға жоспарланған жұмыстар өз деңгейінде атқарылуда. Құрылыс жобасына сәйкес, жолдың 3,5 шақырым көлеміндегі бөлігіндегі ескі асфальт алынып, қайта тас төсеу мен асфальттеу жұмыстарына дайындық жұмыстары басталды. Жолдың екі жағындағы тозығы жеткен, ескі ағын су құбырларларын ауыстыру жоспарланған.

Жоғарыдағы облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың жөндеу жұмыстарын жүргізіп отырған мердігер мекеме «Шымкентдорстрой» ӨК» ЖШС-і. Олардың ішінде екі нысанның құрылыстары 2023 жылға өтпелі. Осы жұмыстарға 10 жүк көлігі және арнайы техникалар жұмылдырылған. Нысан құрылыстарына 16 жұмысшы қамтылған. 


Қарабұлақта ерекше бау бар
Сайрамда облыстық маңызы бар жолдар жөнделуде
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу