Қарабұлақта ерекше бау бар

Oinet.kz 27-08-2022 285

Screenshot_10.png

Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес. Сондықтан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке "Агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі жаңа ұлттық жобаны" әзірлеуді тапсырған болатын.

Жобада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен өзімізді толық қамтамасыз ету; миллиондаған ауыл тұрғындарының табысын арттыру; еңбек өнімділігін екі жарым есе көбейту; агроөнеркәсіп кешені өнімінің экспортын екі есе арттыру көзделген.

 Осы орайда Түркістан облысы Сайрам ауданының шаруалары жоба аясында егін, мал, бау-бақша шаруашылықтарын дамыта отырып, жергілікті халықты әлеуметтік маңызы бар азық-түлікпен қамтамасыз етіп отырған жайы бар. Әсіресе климаты жайлы ауданда бау-бақша өсірумен айналысатындардың қатары күн санап артып келеді. Арасында ерекше жемістерді өсіруді қолға алғандары да бар. Мәселен ауданға қарасты Қарабұлақ ауылында 2,5 гектар аумаққа бес түрлі алма сорты егілген бау бар. Бір қызығы, арасындағы кейбір ағаштарда алманың 4-5 түрі қатар жеміс береді екен. Икрам Розақұлов - Қарабұлақ ауылдық округіндегі бау өсірумен айналысатын ең кәнігі бағбан. Ауласындағы 2,5 гектар аумаққа осыдан 15 жыл бұрын 700 түп алма көшетін Өзбекстаннан әкеліп отырғызған. Қазір мұнда 5 түрлі алма сорты жайқалып тұр. Бұдан бөлек бағбан бір түп ағашқа бірнеше түрлі алма өсірумен де айналысады. Қазір жаз ортасынан ауып кеткендіктен кейбір алма сорттары пісіп, түсіп қалған.

"Бір түп ағашқа он түрлі алманы өсіруге болады. Тіпті алма ағашына алмұртты да өсіруге болады. Ештеңесі жоқ, бәрі өсе береді. Кезек-кезегімен пісіп, біте береді",- дейді Икрам Розақұлов. Бағбанның айтуынша, мұндай тәжірибені тамыз айының басынан қыркүйектің ортасына дейін жасауға болады. Алдымен кез келген жемістің кішкентай бұтағын кесіп алу керек. Оны алма бұтағының қабы аршылған жеріне мықтап бекітеді. Ішіне ауа кірмеуі керек. Келесі жылы көктемде алма ағашының басқа бұтақтары сияқты ол да бүр жарып, өсе береді. Мамандар мұндай әдісті аудандағы бірнеше дихан өз бауында қолданатынын айтады. Жалпы Қарабұлақ ауылында бағбандықпен айналысатындар өте көп.

"Қазіргі таңда Қарабұлақ ауылында 35-40 гектардай алма бау бар. Бағбандықты жаңа бастаған шаруалар да бар. Олар әлі өнім алып үлгерген жоқ",- дейді Қарабұлақ ауылдық окрігінің әкімі Әбдішүкір Әбілахат. 

Бау өсіріп бағбандықпен айналысатындар биыл жеміс жылдағыдан 15-20 күнге ерте пісіп жатқанын айтады. Сондықтан бағасы да арзан. Қазір сатып алушылар баудың басына келіп алманың әр келісін 150-200 теңгеден сатып алуда. Биыл Сайрам ауданының бағбандары жыл соңына дейін 30 мың тоннаға жуық алма алуды жоспарлап отыр. 

Сайрамда жұмыссыздық мәселесі оңынан шешіліп келеді
Сайрамда облыстық маңызы бар жолдар жөнделуде
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу