Келеске инвестор келді
Түркістан облысында түрлі салада инвестиция құюға ниетті инвесторлар саны артып келеді. Мәселен жақында Келес ауданына Халықаралық өнеркәсіптік орталығының корпорациясын салу мақсатында Нұр-Сұлтан қаласынан «QazExpoCongress» ҰК» АҚ өкілдері келді. Аталған нысан Ұшқын ауылдық округінің аумағында орналасады деп жоспарланған.
Инвесторларды Келес ауданының әкімі Ақментай Есбаев бастап жүрді. Аудан басшысы Келес ауданының мүмкіндіктерін баяндап, кәсіпкерлік нысан үшін қажетті іс-шараларды ұйымдастыруға ықпал ететінін айтты. Сонымен қатар аудандық жер қатынастары бөлімі мен кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімдерінің басшыларына кәсіпкерлермен бірлесе жұмыс атқарып, қажетті шараларды қабылдауға тапсырма берді. Инвесторларға қолайлы жағдай жасауды ұйымдастыруды үйлестіруге «TURKISTAN INVEST» мекемесі көмектеспек.
Инвесторлардың сөзінше, олар осыған дейін көршілес Өзбекстан Республикасы аумағында болып, олардың мүмкіндіктерімен де танысқан. Жобаны жүзеге асыруда Келес ауданының аумағы тиімді екені анықталған. Осы аймаққа темір жол торабы салынып, сауда-саттықтың дамуына үлкен серпін береді деген сенім бар. Өз кезегінде аталған сауда комплексі салынған жағдайда жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылып, халықтың әл-ауқатының жақсаруына әсер етпек.