Құлпынай өсіруге бейімделген аудан
Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасымен елімізде шағын және орта бизнесті дамытуға арналған «Бастау бизнес», Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытуға арналған «Еңбек» бағдарламасы секілді жобалардың іске асуы жалғасып келеді. Бұл тұрғыда Түркістан облысы Сарыағаш ауданында атқарылып жатқан іс көп. Ауданда әсіресе ауыл шаруашылығы мен шағын кәсіпкерлік жақсы дамып келеді. мамандардың дерегінше мұнда жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны – 15,5 мың. Былтыр шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері 112,3 млрд. теңгенің өнімі шығарып, көрсеткіш 2,9%-ға артқан. «Қарапайым заттар экономикасы» бойынша 5,4 млрд. теңгеге 3 жоба мақұлданған. Ауыл шаруашылығында 105,1 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 101,3%-ды құрады. Осы салаға 4,2 млрд. теңге инвестиция тартылып, 2020 жылмен салыстырғанда 106,8%-ға артқан. 69,7 мың гектарға егіс егіліп, жоспар 100%-ға орындалған.
Сарыағаштық кәсіпкерлер құлпынай өсіруге, бір алқаптан 2-3 өнім алуға әлдеқашан бейімделген. Мәселен Жылысу елді мекеніндегі «Әбдіраман» шаруа қожалығының құлпынай егумен айналысып жүргеніне біраз жыл болыпты. Бұл өнімге тұтынушылар тарапынан сұраныс жоғары. Тіпті, шетелдерге де экспорттайды. Қожалық бастапқыда аз көлемде ексе, істің қыр-сырын терең меңгеріп алған соң, құлпынайды жылыжайда кореялық әдіспен егуді қолға алыпты. Қазір 6 гектар жылыжайы бар шаруа қожалығында құлпынайдың «Альбион», «Сан Андреас», «Клери» «Сольхян» сияқты 15 түрлі сорты өсіріледі. Өнім сәуір және қыркүйек айларында екі рет жинап алынады. Іс жүргізушісі Әлібек Өмірбектің айтуынша, жылыжайда 300 мың түп көшет егілген. Кореялық әдіспен егілген «Сольхян» сорты суыққа төзімді болып келсе, «Клери» сорты көктемде піседі. Әрбір түп көшеті 400-500 грамм өнім береді. Оның әрбір келісін 1500-2000 теңгеден бағалайды. Тапсырыс Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Тараз қалаларынан түседі екен. Одан бөлек шаруа қожалығы құлпынай көшеттерін де өндіреді. Бұрын аудандағы құлпынай егетін диқандар көшетті шетелден немесе көрші елден алдыртып келсе, қазір «Әбдіраман» шаруа қожалығы арқылы алдын-ала жылдың қай мезгіліне және қандай сорт қажет екенін айтып, тапсырыс береді. Бұл диқандар үшін арзан әрі сенімді болып тұр.
Сарыағаш ауданы бүгінде ТМД елдеріне тек шипажайымен ғана емес түрлі көкөніс өсіретін жылыжайларымен де танылып отыр.