Шымкенттің спортшылары жарады
Шымкент қаласында өтіп жатқан көркем гимнастикадан ҚР Кубогының жекелей және топтық көпсайыс бойынша жеңімпаздары анықталды.
Спорт шебері және спорт шеберлігіне кандидат спортшылар арасында өткен бәсекеде Шымкент қаласының командасы 1 алтын, 2 күміс жүлдеге ие болды.
Атап айтқанда, спорт шеберлігіне кандидат спортшылар арасында жекелей көпсайыста Шымкент қаласының өкілі Милана Парфилова1-ші орынды иеленді. Нұр-Сұлтан қаласының спортшылары екінші және үшінші орындарды өзара бөлісті.
Топтық көпсайыста Шымкент қаласы спортшылары екінші орынға иелік етті.
Сондай-ақ, спорт шеберлері арасында топтық көпсайыс бойынша Шымкент қаласының құрамасы 2-ші орынды жеңіп алды. Ариадна Скворцова, Ұлжан Шалмұханбетова, Зере Әбдісадық, Еңлік Ержанқызы, Айсана Ұлықпанова және Виктория Борисова құрамы бұл жолы екінші орыннан көрінді.
Нұр-Сұлтан қаласы бірінші, Алматы қаласының спортшылары үшінші орынға ие болды.
Айта кетейік жарыста еліміздің барлық өңірінен, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларынан, жалпы 330-дан аса спортшы жекелей және топтық сайыс бойынша бақ сынады. Сайыстың бас төрешісі – халықаралық дәрежедегі төреші Наталья Мамашева.
Бүгінгі таңда қалалық көркем гимнастика спорт мектебінде жаттықтырушы-хореографтар құрамы 400-ден аса балаға оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізуде.