Биыл 39 үй пайдалануға беріледі
Елімізде тұрғын үйге деген сұраныс пен баспана жағдайын жақсартуға ниет білдірушілер саны күн санап артуда.Осыған сәйкес, Мемлекет басшысы «Нұрлы жер» бірыңғай тұрғын үй құрылысы бағдарламасын әзірлеуге тапсырма берді. 2017-2031 жылдар аралығын қамтитын бағдарлама аясында алдағы 15 жылда 1,5 млн қазақстандық отбасы жаңа пәтердің кілтіне ие болады деп жоспарлануда.Олардың ішінде шымкенттіктер де бар.
Осы ретте Шымкент қаласының әкімі «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынып жатқан бірқатар тұрғын үй құрылыстарының барысын қадағалады.
Мердігер мекемелер басшыларымен жұмыс барысы, өзекті мәселелер және оларды шешу жолдары талқыланды. Жүктелген жұмыстарды сапалы және мерзімдерінде аяқтауды міндеттеді.
Аталған бағдарлама шеңберінде құрылыс басқармасының тапсырысымен жалпы 287 мың шаршы метрді құрайтын 4832 пәтерлі 79 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде кредиттік 57 үй, арендалық 22 үй. Биылғы жылы 39 үй пайдалануға беріледі. Барлығы 141 мың шаршы метрді құрайтын 2432 пәтер тапсырылады.
Құрылысы жүргізіліп жатқан 6 арендалық үй әкімшілік-іскерлік орталығында, кредиттік 4 тұрғын үй Арғынбеков көшесінің бойында орналасқан. Ал, көпқабатты 61 үй Тұран шағын ауданында салынуда.