Аграрлық сала - ел экономикасының негізгі күші
Ауыл шаруашылығы – ел экономикасының негізгі күші. Аграрлық білім мен ғылымның дамуы арқылы ауыл көркейіп, мемлекет өркендейді. Бүгінгі күні мемлекет агроөндірістік кешеннің дамуы үшін барынша жағдай жасап отыр. Бұл ретте ауыл шаруашылық мамандарына қойылатын талап та заманға сай жаңаруда. Осы негізде, Ордабасы ауданының әкімі Бағлан Батыршаев ауыл шаруашылық саласындағы атқарылып жатқан ауқымды жұмыстармен танысты.
Әуелі Темірланның іргесіндегі қарқынды алма және жеміс-жидек дақылын отырғызумен айналысатын «Казгарден» бау шаруашылығына барып, 60 гектарға егілген жеміс алқабын аралап көрді.
- Аграрлық сала аудан экономикасының қозғаушы күші. Сондықтан ауыл шаруашылық саласындағы жаңа жобаларға, ауданға инвестиция салған жеке кәсіпкерлерге барынша қолдау көрсетуіміз керек, - деді аудан әкімі өз сөзінде.
Бүгінде аталған шаруашылық 11 гектарға қарқынды алма, 49 гектар алқапқа сүйекті жеміс дақылдарын отырғызған. Жобаның инвестициялық құны 450 миллион теңгені құрайды. Жеке кәсіпкер алдағы уақытта бау-бақша аумағын кеңейтіп, 2 миллиард теңгеге 240 гектарға бау отырғызуды жоспарлауда. Қазіргі таңда мұнда 4 адам тұрақты, 55 ауыл тұрғыны маусымдық жұмыспен қамтылған.