Ордабасылық спортшы Азия біріншілігінде чемпион атанды
Спортпен - өмір сүр. Спорт пен адам егіз ұғым. Денсаулықтың кепілі саналатын спортпен айналысқан әрбір адам үшін, тіпті қоғам үшін тиімді. Ал, спортты жеңіске айналдыру нағыз әуесқойлардың қолынан келетін іс. Қазақтан шыққан кәсіпқой балуан Қажымұқан Мұңайтпасұлы туып өскен жердің тумасы Ордабасының спортшылары жарады. Ордабасы ауданына қарасты Бөржар ауылының тумасы Жасия Бекзат джиу-джитсу спортынан өткен Азия біріншілігінде чемпион атанды.
Ордабасылық спортшының Азия біріншілігінде топ жаруы тек аудан үшін ғана емес күллі қазақ халқы үшін ұлы қуаныш. Үлкен жетістік. Осы орайда жерлестерінің жеңісіне қуанып, бөркін аспанға лақтырған ордабасылықтар мен аудан әкімдігі айрықша құттықтады. Байрақты бәсекеде ел намысын қорғаған спортшыға жерлестері ерекше ізет көрсетіп, алғыс айтты.
Естеріңізге салар болсақ, жуырда Украинаның Киев қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионатында жерлесіміз, бөржарлық Төлен Шахмардан алтын медаль, Дихан Тоқтар күміс, Ерсұлтан Кемелбеков қола медаль алған болатын.