«Шаңырақ» - кәсіп ашудың алғашқы баспалдағы
Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Шымкентте ашылған «Шаңырақ» отбасы институтын қолдау орталығында түрлі деңгейдегі 266 курс өтті. Онда көпбалалы 80 ана массаж, тігін, кондитерлік, SMM жүргізу ісі бойынша сертификат алды.
Одан бөлек, 100-ден астам әйел құрақ көрпе, дизайнер, қыш-құмыра өнері бойынша өткен мастер классқа және компьютерлік сауаттылықты арттыру сабағына қатысты.
Бұл курстар - бизнес жоспар құруға, жеке бизнесін ашуға грант немесе микрокредит алуға мүмкіндіктерді көрсету арқылы әлеуметтік жағдайын түзеуге ықпал етеді. Орталықтың басты мақсаты да осы. Яғни аз қамтамасыз етілген отбасыларға және көп балалы аналарға кәсіпкерлік жөнінде бағыт-бағдар беру, қысқа мерзімді курстарға жіберу, жұмысқа бейімдеу, қаржылық сауаттылығын арттыру.
Аталған орталықта балалардың дамуы мен танымдық белсенділігін арттыру бойынша да түрлі курстар ұйымдастырылды. Олар орыс тілі, ағылшын тілі мен математика және логопед курсы, шахмат курсы өтті. Бұл сабақтарға 140-тан астам бала қатысқан.
Жалпы «Шаңырақ» отбасы институтын қолдау орталығы жыл басынан бері 10 мыңға жуық тұрғынға қызмет көрсеткен.
Орталық осы уақыт ішінде 4893 офлайн, 5092 онлайн түрде жеке кеңестер беріп, мұқтаждықтары бойынша сұрақтарына жауап берген. Ал, 405 азаматқа психологтың жеке кеңесі берілсе, 187 мұқтаж отбасыларға құқықтық кеңес берілген.