Армандаған кәсібін ашты
Мемлекетіміздің ұстанып отырған ең үлкен саясатының бірі бұл кәсіпкерлерді қолдау. Әсіресе жас кәсіпкерлерге жағдай жасау. Шымкент қаласында да бизнеспен айналысатындардың басым бөлігін жастар құрайды. Шымкентте жас кәсіпкерлер көп. Жастар жүрген жерде құлшыныс бар, тың идеялар бар, креатив бар. Олар еш қиындыққа мойымайды.
Осындай жастардың бірі қала тұрғыны Әбусейіт. Жастайынан көлікке қызығатын ол есейіп, білім алғасын осы бағытта өз кәсібін ашқан. Жас кәсіпкердің Шымқалада автобөлшектер сататын "Abucar" атты өз дүкені бар. Айтуынша мемлекеттің қолдауы оған өз арманын жүзеге асыруға көмек берген. "Осыдан 10 жыл бұрын оқуды бітірген болатынмын. Арада біраз уақыт өткесін Тұлпар базарында бір саудагердің қолында жұмыс істеп жүрдім. Сол кезден бастап арман пайда болды. Автобөлшектердің атын, затын жаттап қана қоймай, оларды құрастырып, жөндеуге қызыға бастадым. Біреуге жалдамалы жұмысшы болғанша өз дүкенімді неге ашпасқа деген ой келді. Сауданың қыр-сырына қанық болғасын, кәсіпкерлікті қалай, неден бастау керектігін іздене бастадым. идея, жоспар болса мемлекеттік қолдаудың көрсетілетінін есітіп, арнайы мамандарға жүгіндім. Осылайша екі жыл уақыт өткесін кішігірім дүкен ашып, сұранысқа ие автобөлшектерді сата бастадым. Үш жылдың ішінде осындай дәрежеге жеттім. Қазір дүкенімде кеңейді, клиенттерімде көбейді. Заман ағымына сай әлеуметтік желілермен жұмыс істей бастадым,- дейді жас кәсіпкер.
Әбусейіт ең бастысы жұмысыңды жақсы көруің керек және тәуекелге бара білген жөн деп есептейді.