Кентауда көпқабатты үйлер газбен жылытылады
Түркістан облысының Кентау қаласындағы көпқабатты тұрғын үйлерге газ кіргізуге бағытталған ауқымды жұмыстар басталмақ. Маңызды мәселе жан-жақты сарапталуда. Шаһарда ауыз су мәселесі де өте маңызды. Осы бағытта жүзеге асырылатын жұмыс барысы Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің Кентау қаласына жұмыс сапарында баяндалды.
Жалпы, қалада су тазарту станциясындағы су тазартқышқа небәрі 3000-6000 куб аралықта су жиналады. Тұтынушылар санының артуына байланысты бұрыңғы су жинағыш резервуардан бөлек, 10 мың кубқа дейін су жинайтын жаңа су жинағыш резервуарын салуды және "Ақ бұлақ" бағдарламасына енбей қалған жеке сектордағы үйлерді ауыз суға қосу үшін құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға әзірленуде. Жұмыстар жүзеге асқан кезде қала тұрғындары толыққанды жаңа су құбыры арқылы ауыз сумен қамтылатын болады.
Биыл Кентау қаласындағы көпқабатты тұрғын үйлердің шатыры ауыстырылып, жер төлелері мен ішкі және сыртқы беттері қалыпқа келтірілді. Модернизация мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жүзеге асты. Үйлердің алдына орындықтар, LED жарықтандыру көздері орнатылды.
Кентау қаласы бойынша 368 көпқабатты тұрғын үй (қалада – 334, ауылдарда – 34) бар. Жалпы, 2017-2020 жылдар аралығында Кентау қаласының 205 көпқабатты тұрғын үй бағдарлама аясында жөндеуден өтті. Жөндеуді қажет ететін қалған 119 үй жыл соңына дейін толық жаңартылады. Осыған дейін көпқабатты үйлердің аумағы толықтай жарықтандырылды.