Кентауда суландыруға қатысты бірегей жоба жүзеге асуда
Былтыр халыққа арнаған Жолдауында президент Қасым-Жомарт Тоқаев суландыру жүйесінде тың технологияларды, инновацияны енгізуді тапсырғаны белгілі.
Түркістан облысында осы мақсатта бірқатар тың жобалар жүзеге асуда. Мәселен Кентау қаласының жер асты суларын тиімді пайдалану мәселесі шешімін тапты. Кенді шаһарда жылдар бойы жер асты суы көтеріліп, сол себепті қаланың кейбір аймақтарының жері төмен түсіп, ойық жерлер пайда болуда. Бұлай жалғаса беретін болса, апатты жағдайға әкелуі мүмкін екені аян. Сол қауіптің алдын алу мақсатында жер асты суын азайтуды, суды біршама істерге пайдалану қолға алынды. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Кентау қаласында жер асты суларын төмендету жүйесін салу жобасы қолға алынды. Тартылған су «Қосқорған» су қоймасына құйылады. Түркістан өңіріне қосымша 70 млн.м3 дейiнгi ағын су жеткізілетін болады. Бірегей жобаның барысын бақылау үшін Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Кентау қаласында жоба жетекшілерімен кездесті.
Бұрынғы шахтаға түсетін ғимараттың ішіне бірнеше сусорғыш орнатып, Кеншілер саябағында орналасқан бетонды арыққа құю арқылы қала ішімен алып өтуді қарастырылуда. Жоба жүзеге асқан жағдайда, Алматыдағы "Весновка" өзені іспеттес, Кентау көшелерінен де мөлдір таза су ағып өтетін болады. Сонда Кентау өзінің жасыл желекті келбетін сақтайды, әрі тұрғындарға жайлы орта қалыптасады.