Бизнесін жеңілдетілген несиемен бастағандар
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған былтырғы Жолдауында ауыл шаруашылығында жеңілдетілген несиемен қамтамасыз ету мәселесін шешуді тапсырғаны белгілі. Осы мақсатта Түркістан облысындағы бірқатар оңды істер жүзеге асуда.
Түркістан облысы әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, өңірде жеңілдетілген несие алып, өз кәсібін дөңгелетіп отырғандар артты. Жыл басынан бері Қазығұрт ауданында 2529 азамат қаржы ұйымдарынан 2 млрд. 283 млн. жеңілдетілген несие алған. Қазығұрт ауданының әкімі Арман Абдуллаев несие алып, өз жұмысын бастаған Қазығұрт ауыл округіндегі бірқатар кәсіпкерлердің жұмыс барысымен танысты.
Ауыл тұрғыны Женис Дуйсебаев 3,5 млн. теңге қаржы алып, өз үйінің мал қорасында ірі қара мал бордақылауда. Ал, Қалдыбай Жәнібек 2,5 млн. теңге қаржыға өз ауласынан шағын газоблок өндіруде, келешекте арнайы цех құрылысын салып өндіріс көлемін ұлғайту жоспарланған.
Қазығұрт ауданының тумасы Нұржан Мұратов жиһаз жасау цехын ашып, аудан азаматтарын жұмыспен қамтып отыр. Жоралы Нарымбетов 6,8 млн. теңгеге өз ауласынан қора салып, 6 түйе асырауда. Қымыран дайындап, көпшіліктің ықыласына бөленуде, алдағы уақытта түйе басын көбейту жоспарында бар.