«Өзағаңның арқасында қазақ тілін бір емес мың құтқардық»

Oinet.kz 14-03-2024 294

Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті  бірнеше жылдан бері айтыстың ақ ордасына айналды. Осы жылдарда қаншама жас ақындар жыр аламанына қосылып, жүйріктер қатарына ілікті. ОҚПУ сахнасы танытқан таланттардың қатарында Біржан  Байтуовтан бастап, Дәурен Ақсақалов, Нұрғали Әнапия,  Аян Ниязбек сияқты көптеген сөз мергендері бар.

Screenshot_5.jpg

ОҚПУ осы игі дәстүрден биыл да жаңылған жоқ. Университетте өткен айтысты AMANAT партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы, мәслихат төрағасы Бахадыр Нарымбетов, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек және Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ  Басқарма төрағасы-ректор міндетін уақытша атқарушы, айтыс жанашыры Гүлжан Сүгірбаева құттықтау сөзбен ашты.

Өзбекәлі Жәнібековке арналып, «Рух сардары» деген атпен өткен айтысқа еліміздің  әр аймағынан Аян Ниязбек, Айым Асылбекқызы, Ердәулет Ыбыраев, Нұрбол Жауынбаев, Дәурен Ысқақ, Жандос Мырзабеков, Нұрдәулет Өмірбеков,  Мейіржан Жарылқап, Нұрмахан Жақыпбек, Әсет Ақылжанов, Мейірбек Жақсылықов, Ахметрасул Баянбай, Даниял Болысбек, Сұлтан Сәуірхан сияқты бүгінгі айтыстың жас жүйрігінен хас жүйрікке айналып келе жатқан 14 ақыны қатысып, 7 жұп болып айтысты.  

Сахнаға алғаш болып Ердәулет пен Нұрдәулет жұбы көтерілді. Алғашында іркіліп барып басталған сөз додасы қыза келе нағыз шарықтау шыңына көтерілді. Орамды ой, құнарлы шумақтар ақындардың аузынан алтын болып ақтарылып, көрермендер қошеметіне бөленді.  

Танымал айтыскер ақындар  Маржан Есжанова, Анар Жаппарқұлова, Кәрима Оралова, Қажымұқан Абзалов және университеттегі Өзбекәлі Жәнібеков атындағы орталықтың басшысы Эльмира Оразбаева төрағалық еткен қазылар алқасының шешімімен  бас жүлде ақтөбелік Нұрбол Жауынбаевқа (1 000 000 теңге) берілді. Ал бірінші орынға Нұрмахан Жақыпбек (700 000 теңге) ие болды. Екі бірдей екінші орынды Жандос Мырзабеков пен Сұлтан Сәуірхан (400 000 теңгеден), екі бірдей үшінші орынды Ахметрасул Баянбай мен Айым Асылбекқызы (250 000 теңгеден) жеңіп алды.  Қатысқан 8 ақынның барлығына «Майлықожа», «Құлыншақ  Кемелұлы», «Көпбай Омаров», «Тәушен  Әбуова», «Қаныбек Сарыбаев», «Әселхан Қалыбекова», «Оразалы Досбосынов», «Есенқұл Жақыпбек» атындағы арнайы жүлделер (150 000 теңгеден) табыс етілді. 

Айтысты «Қаратау» өнер мектебінің директоры, айтыскер ақын Біржан Байтуов жүргізді. Дүбірлі доданы ардагер ұстаздар  мен зиялы қауым өкілдері, БАҚ өкілдері тамашалады. Ауқымды шараның өтуіне университет Басқарма мүшесі,  Стратегиялық даму және әлеуметтік  істер жөніндегі проректор Баршагүл Исабек, тәрбие жұмысы және жастар саясаты департаментінің басшысы Қайрат Анарбаев,  «Айтыс» үйірмесінің жетекшісі Нұрғали Әнапия және мәдениет бөлімі ерекше атсалысты. Айтыс университеттің ютуб арнасынан  және әлеуметтік  желі парақшаларында тікелей эфирден  көрсетілді.

Аталған айтыстағы ақындардың жыр-шашуынан:

Screenshot_4.jpg

Нұрбол Жауынбаев, Ақтөбе қаласы, «Рух сардары» республикалық жас ақындар айтысының бас жүлде иегері: 

Әніне салмаса да Әміренің,

Сәкендей болмаса да сәні керім,

Бір қиқулап қойсаңшы біздерге де,

Батыстан келіп тұрған бауыр едім.

Арқау бопты бүгінгі айтысыңа,

Мәдени майданымен мәлім ерің.

Ендеше бір жағдайды баяндайын,

Отырсаң құлағыңды салып, елім.

Кеңестің кезеңінде «Наурыз» тойын,

Біраз жыл тойлай алмай қалып едің.

Ат шаптырып,балуан белдестірмей,

Көженің де ұмытты дәмін ерін.

Кім қайтарды десеңіз наурыз деген,

Жұртымның рухани жәдігерін?

Ол сенің — Өзбекәлі Жәнібегің.

Ал бүгін ақындарды жинапсың ғой,

Өлеңнен табады деп жаным емін.

Ассалаумағалейкум, Шымкенттік,

Мәз-мейрам қып жасы мен кәрілерін,

Баласы сақтап қалған мерекені

Беймарал тойлап жатқан, қалың елім!


Шымкентте елдікті жыр, бірлікті ән қып,

Шабыттың тұлпарына міндік қарғып.

Өзағаңның есімін дәріптейік,

Өйткені ерлігінен шын рухтандық.

«Қазақ тілі» қоғамын құрған екен,

Ел санасы жатқанда мүлгіп, қалғып.

«Ана тілі» газетін аштырыпты,

Жаңалықты қазақша білдік барлық.

Тіл туралы заңды да бекіттірді,

Саясатта көрсетіп сұмдық дәлдік.

Өйткені сол заңменен қорғаныппыз,

Тілге қарсы қылғанда тірлік мәңгүрт.

Қысқасы Өзағаңның арқасында,

Қазақ тілін бір емес мың құтқардық.

Өзіңе басымды идім Оңтүстіктей,

Тіліміздің тірегін тудыртқан жұрт.

Сағат тілін кейінге жылжытса да,

Қазақ тілін алдыға жылжытқан жұрт.


Даниял Болысбеков, Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ 3-курс студенті. Республикалық, облыстық  айтыстардың жеңімпазы, «Күміс домбыра — 2022»  республикалық  айтысының бас жүлде иегері:

Тарихын бұл орданың танығалы, 

Жылдарды тізбей болмас арыдағы. 

Осы өлкеде ұстаздар дайындаған, 

Алғашқы шаңырақ боп табылады. 

Сол заманның өзінде-ақ білім алды, 

Қазағымның қаншама саңлағы. 

Дербісәлі секілді ғалымдар мен, 

Шахановтай өлеңнің қабыланы. 

Балапан басыменен уақыттар кеп, 

Бір заманда бұл орда қаңырады. 

Тәуелсіздік жылдардың өзінде де, 

Жекенің қолына өтіп, дамымады. 

Осыдан он үш жылдай бұрын ғана, 

Шырағы қайта лаулап жағылады. 

ОҚМПИ деп мемлекеттік статус ап

Жабырқаған жанымыз жадырады.

Университет болып ізін ала, 

Ақ түйенің қарыны жарылады. 

Ал бүгін атын алды Өзағамның, 

Қазағымның киелі шаңырағы! 

Осындай ұлы ордада оқысам деп, 

Армандап жүр алаштың әр ұланы. 

Білім беріп шектелмей, бұл мекеме, 

Келтіріп жүр тірліктің әрін әрі. 

Рухани орда боп шыға келді, 

Шараларды молайтып мағыналы. 

Дәстүрлі түрде қазір жас ақындар, 

Жыл сайын осы ордаға ағылады. 

Оқу орны түгілі, облыстардың, 

Айтыс жасай алмайды бәрі-бәрі. 

Ал, менің қасиетті шаңырағым, 

Салтымның кіргізуде сәнін әрі. 

Бұл күнде бір-ақ өзі жасап жатыр, 

Мегаполис жасайтын шаруаны.


Мейіржан Жарылқап, Шымкент қаласы,  республикалық, облыстық айтыстардың жеңімпазы, «Алаш арыстарына 100 жыл» республикалық айтысының бас жүлде иегері: 

Ал енді сіздермен кім таласады,

Жақсыға Құдай өзі қарасады.

Ескінің көзі болып отырсаң да,

Жастарға үйретесің жаңашаны.

Өзбекәлі ордасы аман тұрса,

Әлі талай көреміз тамашаны.

Тұлғаның табиғатын ашар кезде,

Мұртаза Шерханнан кім әрі асады?

Өзбекәлі киелі адам деген,

Сөзімен барша қазақ санасады.

Сол атты алғандарың дұрыс болды,

Сендер ғой еліміздің болашағы.

Өйткені тек киелі адам ғана —

Киелі шаңыраққа жарасады!


Ердәулет Ыбырайым, республикалық студенттер айтысының жүлдегері:

Жаратқан Құдай өзі шебер қылып, 

Әр адамға несібін берер біліп.

Асалаумағалейкум, ОҚМПУ-ым,

Сәлемімді берейін кемел қылып. 

Кіл мықтының барлығын оқытасың, 

Ел кезектен өткізіп елеп жүріп. 

Тұлғалардың біразы мына сенде,

Оқыды, көзін ашты сенен біліп.

Ханбибі апамыз да мына сенен

Түлегенін айтамын дәлел қылып. 

Әйгілі Шаханов та сенен шыққан, 

Жұрт дегенде жүрегін берер жұлып. 

Одан қалса, Әбілдә Аймақтар да,

Өз білімін алыпты терең қылып. 

Маржан менен Анардай апаларды,

Басшы қылып шығардың беделді қып. 

Айтпақшы, Нұрғалидай балаңды да,

Айтулы ақын қылдың демеп жүріп. 

Алты алашқа әйгілі адамдар бұл,

Атағын жатпаса да әлем біліп.

Осылардың барлығын жырлағанща,

Жақ та талып кетті ғой өлең қылып. 

Қысқасы, менің өзіңе таң қап тұрмын,

Ордалы ОҚМПУ-ым беделді нық.

Мен әрең шығарғанды өлең қылып,

Сен қалай шығарғансың өрен қылып?

Фильм арқауы – шекарасыз махаббат
«Пейішке» барыңыз: Сынайтын емес, жан-жүрегіңді ақтарып жылайтын фильм
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу