Домбыра маусымы басталды
12-04-2024
Еліміздің кинотеатрларында 21 наурыздан бері қырғыз режиссері Руслан Акун түсірген «Пейіш. Жұмақ ананың табанының астында» фильмі көрсетілуде. 6 елде түсірілген фильм туралы көрерменнің пікірі «киноға дейінгі және кинодан кейінгі» кейіптерімен өлшеніп жатыр.
Айтуларынша фильмді жыламай көру мүмкін емес. Дүмшелер әбден сүйкімсіз етіп жіберген діни дүниелерден қашқақтап жүретініміз бар еді. Алайда осы жолы ел жаппай мақтаған фильмді біз де тамашалап қайттық.
Фильм желісі психикалық дамуы 8 жасында қалып кеткен 35 жасар Әділ мен оның 75 жасар анасы Райхан апаның қажылық жолындағы қиындықтарына негізделген. Анасы Әділге Құдай оны ерекше жақсы көретінін, мекені – жұмақ екенін жиі айтып отырады. Дегенмен Әділ жұмаққа жалғыз барғысы келмейді. Бір күні 8 жасар досынан анасын Меккеге жаяу арқалап алып барса, анасының да жұмаққа кіретінін естиді. Досының сөзіне құдайдай сенген Әділ сол күннен бастап, анасына Меккеге жаяу сапарға шығатыны жайлы армандарын айта бастайды. Бұл әңгіме ауыл арасына тарап, Әділге саусақ шұқшитып қарайтындар көбейеді. Көңілі нәрестедей ақ, аңғал баласының сағы сынбасын, жігері жасымасын деп анасы Әділ айтқан сапарға шығуға бел байлайды. Қырғызстан, Өзбекстан, Қазақстан, Әзірбайжан, Түркия, Сирия, Сауд Арабия елдеріндегі шытырман оқиғалары басталады. Ал фильмнің өзі Қырғызстан, Өзбекстан, Қазақстан, Түркия, Мысыр, Меккеде түсірілген.
Иә, фильм расында да әсерлі. Күлдіріп отырып, жылатады. Жылатып отырып, күлдіреді. Әділдің рөлін Эмил Эсеналиев, анасының рөлін – Анаркүл Назаркүлова ойнайды. Екеуінің де өз рөлін шебер алып шыққаны сөзсіз. Әсіресе ерекше баланың образын ойнау қай актерге болса да оңайға соқпасы анық.
Мұсылман баласына қасиетті Мекке қаласына табан тіреу, қағбаны айналып, Арафат тауына түнеу, яғни үлкен-кіші қажылығын өтеу – ең үлкен арман. Жарымжан болса да, ертеңгі күні анасымен бірге болуы үшін 6 елді асып өтіп, табанынан тозып өзінің де, анасының да арманын орындаған періште бала. Кей дүниелер болады. Сынауға, сын айтуға ұялатын, дәтің бармайтын. Бұл фильм сондай сынайтын емес, жан-жүрегіңді ақтарып жылайтын фильм екен. Ұзақ жолға жаяу шыққан екі дәруішке жолда кездескен әр ұлт азаматтарының қолынан келгенше көмектескендері, аман-есен жетулеріне тілекші болулары тұрмыстан әбден қажалып тас болып қалған көңілімізді жібіткені, жылытқаны рас. Әрине, арам ниетті адамдардың да кездесетіні рас. Соңында адамгершілік жеңетініне, бел шешіп бекінген мақсат жолына түбі жететініңе, армандар орындалатынына сендіргені де рас. Қалай болғанда да дүниеде ешкім көкезу, қызылкеңірдек болып дауласпайтын сұлу бір тақырып болса, ол – «ана мен бала» тақырыбы ғой деп ойлаймын.
Фильмнің қазақша дыбысталуы да әдемі естілді. Кей фильмдердегідей құлағыңды қағып алар былапыт сөздер және кездеспейді. Ер мен әйел арасындағы романтикалық сезім де көрсетілмеген. Тек ананың балаға деген, баланың анаға деген шынайы махаббаты, бір-бір үшін жан берісіп, жан алысатыны ғана... Ең бастысы фильм көрерменге үлкен ой салады. Он екі мүшеміз сау бола тұра, кейде көзі тірі ата-анамыздың қадіріне жете алмай, барға шүкір ете алмай жататынымыз бар. Сол үшін ұялтады екен.
Сонымен қатар әр елдің экономикалық-саяси жағдайын да бұлыңғыр реңктермен бояп көрсеткен. Соның ішінде бәрімізге де Сириядағы жағдай қатты әсер етті-ау деп ойлаймын. Сол Сирия азаматының «Менің Отанымды бұл күйінде есіңізде сақтамаңызшы» деген бірауыз сөзінде тұтас бір ұлттың қасіреті тұмшаланып жатыр ғой... Меккеге жаяу аттанып бара жатқан қандастарының басына күн туғанда, Сириядағы қырғыз қызының өзін құрбан етіп, жан бергені де алғаш естіп отырған жағдаят емес. Қазақтың да талай қарагөздері сол қыздың күйін кешіп жүргенін білеміз.
Соңында Әділдің аппақ, алғал ниеті, апасының алақан жая сұраған дұғасы, жолай кездескен, адамгершілік танытқан азаматтардың тілегі Құдайдың құлағына шалынғандай болады. Райхан апа да мінәжат етіп отырып өмір жолында кездескен әр адам үшін дұға етеді. Тек, Меккеде Райхан апа, яғни Әділдің анасы жантәсілім етеді. Міне, осы тұста өзі әрең отырған көрермен ағыл-тегіл көз жастарына ерік береді. Мұсылманшылықта қажылыққа барар, не қайтар жолда жан тапсырған адам жұмаққа кіреді дейді. Әділдің жанына осы бір ой ғана медет болады. Еңсесін тіктеп, ауылына аттанады. Жаяу...
Сезім МЕРГЕНБАЙ
Менің осы рөлді ойнағанымды қатты қалады
19 наурыз күні өткен «Пейіш. Жұмақ ананың табанының астында» фильмінің Алматыдағы жабық көрсетіліміне арнайы келген басты рөлдегі актриса, Қырғызстанның халық әртісі, Қырғыз ұлттық академиялық театрының әртісі Анаркүл Назарқұлова БАҚ өкілдеріне сұхбат берген болатын. Онда актриса 75 жасында осындай ауқымды жобаға түсуге қалай келіскенін айтып берді. «Мені режиссер Руслан Акун өзі таңдады, менің осы рөлді ойнағанымды қатты қалады. Түсірілім екі жарым айға созылды. Бірақ арасында елден елге өту үшін, рұқсат алу үшін Қырғызстанға қайтып келіп отыруымыз керек болды. Көп күніміз Мысырда өтті. Біраз күн Меккеде болдық. Фильмнің идеясы өте ұнады. Мен сценарийді бір деммен оқып шықтым. Осы рөлді ойнаймын, елге, аналарға, бүтін қырғыз ұлтыма айтатұғын ойым бар екен дедім. Фильм түсірілімі барысында умра жасадым. Меккеге бір күн ерте барып, түні бойы таң атқанша жүрдік. қағбаға зиярат еттік. Мен ризамын», - дейді актриса.
Мен үшін Қырғызстандағы №1 режиссер
Аталған жабық көрсетілімде Қазақстанның да өнер жұлдыздарынан пікір алынған. Соның бірі актер, тележүргізуші Тәуекел Мүсілім «Эмоция күшті. Керемет дүние. Мен Русланды (фильм режиссері. ред.) бұрыннан танимын. Ол кісі мен үшін Қырғызстандағы №1 режиссер. Сол себептен ол кісі түсірген кино ешқашан жаман болмайды. Кезекті «Пейіш» киносы да соны дәлелдеді. Жақсы сезім алдым. Мәні бар кино. Біз үшін, жалпы анасы бар адамдар үшін – бұл өте жақсы сабақ. Аналарымызды қадірлеуге, сыйлауға бізге деген керемет – message. Келіңіздер, көріңіздер құрметті, қазақстандық көрермен. Мен ойлаймын мұндай кино біздің жалпы кино саласында болған емес. Көріңіздер, бағасын беріңіздер. Сіздерге ұнайды. Осы «Пейіш» киносын түсірген барша ұжымға, Руслан Акунға, Эмил Эсеналиевке сәттіліктер тілеймін. Шығармашылық табыстар тілеймін. Бұл керемет дүние»,- деді отандық актер.
Актерлер мықты ойнаған
Қырғыз әріптесінің жұмысына отандық режиссер Қуаныш Бейсек те пікір білдіріп, қазақстандық көрермендерді фильмді көруге шақырды. «Бұл киноны бүгін мен үшінші рет тамашалап отырмын. Себебі бұның алдында режиссер Руслан Акун маған көрсеткен болатын, бірақ үлкен экранда көргенде басқа әсер берді. Ол кезде қырғыз тілінде көріп шыққам. Дубляжбен де жақсы екен. Актерлер мықты ойнаған. Сол себепті Қазақстандағы көрермендерге міндетті түрде келіп көруге кеңес беремін, өте жақсы шыққан. Тек діни тұрғыда емес, адами құндылықтар дәріптелген, жақсылық жасауға үйрететін кино деп ойлаймын», - дейді Қуаныш Бейсек.