Зағип жандарға сый-сыяпат жасалды

Oinet.kz 14-11-2022 308

image.png

Тағдырдың жазуымен жастайынан жанарынан айырылып, көру қабілеті жоғалған немесе төмендеген жандардың қатысуымен «13 қараша – Халықаралық зағиптар күні» аясында Жетісай ауданында мерекелік кеш болып өтті.

«Бұл басқосудың басты мақсаты – зағип жандардың сау адамдармен тең құқылы екендігін сезіндіру. Көзі көрмейтін немесе нашар көретін азаматтарға қоғамда тең құқылы екендіктерін ұғындырып жігерлендіру болатын. Аталмыш жиынға олар бізге басқалар аяушылық танытсын деп келмеген. Қайта, жағдайларына қарамастан, қолдарынан іс келетіндігін дәлелдеген жандар. Осы санаттағы азаматтарға ұдайы көмек көрсетілетін болады» деді кешке қатысқан Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Серік Пірімбеков .

Ал, көптен бері көріспеген зағип жандар бір-бірімен қауышып, бір марқайып қалды.

«Халықты әлеуметтік қорғау – мемлекеттік саясаттың басты бағыты. Өздеріңіз білетіндей Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдауларында мүмкіндігі шектеулі жандарға көбірек көңіл бөліп, қоғамдағы орындарын айқындау жайында айтылып келеді. Осы күні «Жетісай ауданы зағиптар қоғамында» 91 адам тіркеуде тұр. Олардың 62-сі бірінші топтағы, 16 адам екінші топтағы мүгедектер санатына кіреді. Бұлардың ішінде 54-і ер азаматтар болса, 30-ы әйел азаматтар, 7 адам бала жастан мүгедек болып табылады. Қамкөңіл жандардың көңілін аулау үшін алдағы уақытта осы тәріздес іс-шаралар ұдайы ұйымдастырылып тұратын болады» дейді Жетісай аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Әділхан Әбжанов.

Іс-шара барысында аудандық зағиптар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақтияр Сары атқарған жұмыстарының есебін беріп, алдағы жоспарларымен бөлісті. Өз кезегінде аудан атқамінерлері көру мүмкіндігі шектеулі жандарға демеушілер есебінен бір реттек сый-сияпат жасап, жомарттық танытқан жандарды аудан әкімінің атынан алғыс хатпен марапаттады.

Теңге – еліміздің қаржылық тәуелсіздігінің символы
Жас термешілер бақ сынасты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу