Жедел жәрдемге цифрлық қорғаныс енгізілуде

Шымкентте цифрлық технологияларды әлеуметтік саланың нақты қажеттіліктеріне бейімдеу жұмыстары жалғасып жатыр. Айталық қалада алғаш рет жедел жәрдем қызметкерлерінің қауіпсіздігін арттыруға арналған смарт-бейнежетондар жүйесі енгізілді. Жаңа технология медицина мамандарының жұмыс барысын тіркеп қана қоймай, төтенше жағдай кезінде жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.
Жоба алғашында пилоттық режимде іске қосылып, 10 смарт-бейнежетон сынақтан өткізілді. Нәтижесінде жүйенің тиімділігі ескеріліп, оны кеңейту туралы шешім қабылданған. Қазір қаладағы жедел жәрдемнің 120 бригадасына 240 смарт-бейнежетон беріліп, қолданысқа енгізілді.
Құрылғы медицина қызметкерінің жұмыс кезінде болған оқиғаларды бейнетаспаға түсіреді. Бұл әсіресе шақырту кезінде түрлі даулы немесе күтпеген жағдай туындағанда маңызды. Оқиғаның бейнежазбаға тіркелуі оның мән-жайын кейін нақтылауға, қызметкердің әрекетін бағалауға және қажет болған жағдайда тиісті қызметтердің жұмысын үйлестіруге жағдай жасайды.
Жүйенің тағы бір ерекшелігі – бейнеақпаратты жасанды интеллект көмегімен талдау мүмкіндігі. Алынған бейнеағындар өңделіп, қажетті ақпарат Полиция департаментінің Жедел басқару орталығына жіберіледі. Осылайша медицина қызметкерлеріне қауіп төнген жағдайда тиісті органдардың оқиғаға назар аударуына мүмкіндік бар.
Жедел жәрдем бригадалары күн сайын түрлі шақыртуларға шығады. Кей жағдайда медицина мамандары науқастың жағдайына ғана емес, айналасындағы адамдардың әрекетіне де назар аударуға мәжбүр болады. Осындай сәттерде цифрлық бақылау құралы қызметкердің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін қосымша тетікке айналады.
Шымкентте осылайша заманауи технологиялар медицина, көлік, қоғамдық қауіпсіздік секілді тұрғындардың күнделікті өміріне тікелей қатысты салаларға да енгізіліп келеді.
«Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» аясында мұндай шешімдердің маңызы арта түспек. Жасанды интеллект арқылы ақпаратты жедел өңдеу, оқиғаларды автоматты түрде саралау және қажетті қызметтерге дер кезінде хабарлау мүмкіндігі қаладағы цифрлық инфрақұрылымның жаңа деңгейге көтерілуіне жол ашады. Ал жедел жәрдемдегі смарт-бейнежетондар осы технологиялардың адам қауіпсіздігіне тікелей қызмет ете алатынын көрсететін жобалардың бірі.


