«Борышкер» борышыңда ұмытпа!

«Заң мен тәртіп» қағидаты азаматтардың құқықтарын қорғаумен қатар, заңда белгіленген міндеттердің орындалуын қамтамасыз етуді де көздейді. Әсіресе сот шешімдерінің орындалуы, балаларға тиесілі алименттің уақытында төленуі және мемлекет алдындағы қаржылық міндеттемелердің өтелуі құқықтық тәртіптің маңызды бөлігі саналады. Осы бағытта Шымкентте «Борышкер» бірлескен рейдтік іс-шарасы басталды.
Іс-шара алимент және салық берешектерін өндіру тиімділігін арттыруға бағытталған. Рейд барысында алимент бойынша берешегі бар борышкерлердің автокөлік құралдарын анықтау және ұстау, сондай-ақ салық берешектерін мемлекеттік кіріске өндіріп алу бойынша тиісті шаралар қабылданып жатыр.
Бірлескен рейдке Шымкент қаласының Әділет департаменті, прокуратура, полиция, мемлекеттік кірістер органдары және Жеке сот орындаушылары өңірлік палатасының өкілдері қатысуда. Бірнеше мемлекеттік орган мен сот орындаушыларының бірлесіп жұмыс істеуі берешегі бар азаматтарды анықтап, атқарушылық құжаттардың орындалуына қажетті шараларды жедел қабылдауға мүмкіндік береді.
Алимент мәселесі ерекше назарды қажет етеді. Өйткені бұл қаражат кәмелетке толмаған баланың күнделікті қажеттіліктерін өтеуге арналған. Сот шешімімен белгіленген алиментті төлеу – борышкердің заң алдындағы міндеті ғана емес, ата-аналық жауапкершіліктің де бір бөлігі. Сондықтан алимент бойынша берешектің жиналуы баланың құқықтары мен заңды мүдделеріне әсер ететін мәселе ретінде қаралады.
Ал салық берешегін өтеу – азаматтар мен кәсіпкерлердің мемлекет алдындағы қаржылық міндеттемелерін орындауына қатысты. Салықтардың уақытылы төленуі мемлекеттік бюджет кірістерін қалыптастыруға әсер етеді. Осы себепті берешекті өндіріп алу жұмыстары заң талаптарын орындауды қамтамасыз етудің бір тетігі болып отыр.
«Борышкер» рейдінің негізгі мақсаты – азаматтарды жазалау емес, берешекті өтеуге жағдай жасау және заңда белгіленген міндеттерді орындауға ықпал ету. Қажет болған жағдайда қолданыстағы заңнамада көзделген мәжбүрлеп орындату шаралары да қолданылуы мүмкін.
Заң талаптарының баршаға ортақ болуы, сот шешімдерінің орындалуы, өз міндеттемесіне жауапкершілікпен қарау – құқықтық тәртіптің негізгі шарттарының бірі. Шымкенттегі бірлескен рейд те осы бағыттағы жұмысты күшейтуге арналған.


