ShymSafe360: цифрлық технология қауіпсіздікке қызмет етеді

Шымкентте қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде цифрлық технологиялардың мүмкіндігі кеңінен қолданылып келеді. Осы бағытта Әл-Фараби ауданы прокуратурасының бастамасымен ShymSafe360 жобасы жүзеге асырылуда. Жоба кәсіпкерлік нысандарда орнатылған бейнебақылау камераларын ҚР ІІМ Жедел басқару орталығына қосуға мүмкіндік береді.
Жүйеге қосылған камералар арқылы кәсіпкерлік нысандардағы жағдайды тәулік бойы бақылауға жол ашылады. Бұл құқық бұзушылық немесе басқа да төтенше жағдай орын алған кезде оқиға туралы ақпаратты жедел алуға және тиісті қызметтердің дер кезінде әрекет етуіне мүмкіндік береді. Яғни бұрын тек белгілі бір нысанның қауіпсіздігіне арналған камералар қаланың бірыңғай қауіпсіздік жүйесінің бір бөлігіне айналады.
ShymSafe360 жобасының тағы бір ерекшелігі – қауіпсіздік мәселесінде мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлердің өзара іс-қимылын күшейту. Кәсіпкерлер өз нысандарындағы бейнебақылау камераларын Жедел басқару орталығына қосу арқылы тек жеке мүлкін қорғауға ғана емес, қоғамдық тәртіпті сақтауға да үлес қоса алады.
Цифрландырудың басты артықшылығы – ақпаратты жылдам алу және оған уақыт жоғалтпай әрекет ету. Бейнебақылау жүйелерін бір орталыққа біріктіру осы мүмкіндікті қауіпсіздік саласында тиімді пайдалануға жағдай жасайды. Камера саны артқан сайын құқық бұзушылықтың алдын алу, оқиғаның мән-жайын анықтау және қажет болған жағдайда жедел қызметтердің жұмысын үйлестіру мүмкіндігі де кеңейеді.
Осыған байланысты мамандар кәсіпкерлік нысан иелерін ShymSafe360 жобасына қатысып, өздеріндегі бейнебақылау камераларын Жедел басқару орталығына қосуға шақыруда. Қауіпсіз қала қалыптастыру – тек мемлекеттік органдардың емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті.


