Адам құқығы – баға жетпес құндылық

Құқықтық мемлекет құрудың ең басты өлшемдерінің бірі – азаматтың өз құқығын білуі және қажет кезде сапалы заң көмегіне кедергісіз қол жеткізуі. Осы бағытта Шымкент қаласының Әділет департаменті құқықтық қызметтердің қолжетімділігін арттырып, мемлекеттік сервистерді цифрландыру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келеді.
Бұл туралы департамент басшысы Айнұр Исабекова БАҚ өкілдерімен өткен баспасөз брифингінде мәлімдеді. Кездесуде құқықтық көмектің сапасын арттыру, азаматтардың заңды мүдделерін қорғау және заманауи технологияларды тиімді пайдалану мәселелері сөз болды.
Брифингте конституциялық реформалардың құқықтық мемлекет қағидаттарын нығайтудағы маңызына ерекше назар аударылды. Конституциялық өзгерістер аясында адвокатура институтының конституциялық деңгейде бекітілуі азаматтардың білікті заң көмегіне қол жеткізу мүмкіндігін кеңейтеді. Бұл – адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтетін маңызды қадам.
Тағы бір маңызды бағыт – зияткерлік меншік құқықтарын қорғау. Конституцияда осы салаға арналған арнайы норманың енгізілуі авторлардың, өнертапқыштардың, ғалымдар мен кәсіпкерлердің еңбегін құқықтық тұрғыдан қорғауға мүмкіндік береді. Бұл шығармашылық пен инновацияның дамуына да серпін бермек.
Қазіргі таңда құқықтық қызметтің өзі де цифрлық сипат алып келеді. Тұрғындар «Е-заң көмегі» қосымшасы, eGov порталы және басқа да онлайн сервистер арқылы заң мәселелері бойынша қажетті ақпарат пен кеңес ала алады. Ал болашақта құқықтық сұрақтарға тәулік бойы жауап беретін жасанды интеллект негізіндегі чат-ботты іске қосу жоспарлануда.
Нотариат саласында да цифрландыру қарқын алды. «Е-нотари» платформасы арқылы бірқатар нотариаттық әрекеттерді қашықтан рәсімдеуге мүмкіндік бар. Бұл азаматтардың уақытын үнемдеп қана қоймай, қызметтердің қолжетімділігін арттырады.
Бүгінде Шымкентте нотариустар, адвокаттар мен заң кеңесшілері тұрғындарға құқықтық көмек көрсетуде. Апостиль қою және заңды тұлғаларды тіркеу сияқты бірқатар мемлекеттік қызмет те электрондық форматқа көшірілген.
Заң мен тәртіптің түпкі мәні – заңның азаматқа жақын болуында. Ал құқықтық қызметтердің цифрлануы осы мақсатқа жетудің тиімді тетігіне айналып отыр.


