Медқызметкерлердің қауіпсіздігін жасанды интеллект қамтамасыз етеді

Oinet.kz 29-07-2026

Screenshot_35.jpg

Медицина қызметкері адам өмірін құтқаруға асыққан сәтте оның өзі қауіпсіз ортада болуы тиіс. Осы қағиданы негізге алған Шымкент қаласының денсаулық сақтау саласында цифрлық технологияларды пайдалану арқылы медицина ұйымдарындағы қауіпсіздік жүйесі күшейтілуде. 

Бүгінде Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасына қарасты медициналық ұйымдарда 2 722 бейнебақылау камерасы орнатылған. Оның 689-ы ғимараттардың сыртқы аумағын, 2 033-і ішкі кеңістікті бақылайды. Камералар қабылдау бөлімдері, күту залдары, дәліздер және медицина мамандарының кабинеттері сияқты маңызды орындарға орналастырылған. Заманауи бейнебақылау жүйелері қоғамдық тәртіпті сақтауға, құқық бұзушылықтың алдын алуға және төтенше жағдайларға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Осы арқылы пациенттер мен медицина қызметкерлері үшін қауіпсіз орта қалыптастыру көзделген.

Қауіпсіздік шаралары ерекше санаттағы нысандарда одан әрі күшейтілген. Терроризм тұрғысынан осал санатқа жататын 28 медициналық ұйымның бейнебақылау жүйесі Ішкі істер органдарының Жедел басқару орталықтарына қосылған. Бұл кез келген күмәнді жағдайды дер кезінде анықтап, қажетті қызметтердің жедел әрекет етуіне мүмкіндік береді.

Медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды жаңашылдықтың бірі – жедел жәрдем бригадаларына смарт-бейнежетондардың енгізілуі. Бүгінде жедел медициналық жәрдем қызметінің барлық бригадасы осындай құрылғылармен қамтамасыз етілген.

Смарт-бейнежетон шақырту барысын бейнетіркеп қана қоймай, жасанды интеллект көмегімен қауіпті жағдайды анықтай алады. Егер медицина қызметкеріне қауіп төнсе, «SOS» немесе «Көмек» деген дауыстық пәрмен арқылы жүйеге белгі беріледі. Сигнал автоматты түрде өңделіп, полиция департаменті мен жедел басқару орталығына хабарлама жіберіледі. Нәтижесінде оқиға орнына ең жақын полиция экипажы бағытталады.

Қазір медициналық ұйымдарда агрессивті мінез-құлық белгілерін ерте анықтайтын жасанды интеллект негізіндегі бейнеаналитика жүйесін енгізу мүмкіндігі де қарастырылуда. Технологияның басты мақсаты – адамды бақылау емес, адам қауіпсіздігін қорғау. 

Заңды білу – алаяқтыққа қарсы тиімді қорғаныс
Адам құқығы – баға жетпес құндылық
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу