«Нөлдік төзімділік»: Тазалыққа немқұрайлыққа жол жоқ

Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық жобасы елде экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауды дәріптеуге және қоғамдық жауапкершілікті арттыруға бағытталған. Бұл бастама аясында Шымкент қаласында санитариялық тазалықты қамтамасыз ету мен экологиялық құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстары «Нөлдік төзімділік» қағидаты негізінде жүйелі түрде жүргізілуде.
Шымкент қаласы прокуратурасының үйлестіруімен жергілікті атқарушы органдар, полиция қызметкерлері, коммуналдық мекемелер және экоактивистердің қатысуымен заңсыз қоқыс орындарын анықтау, оларды жою және қоршаған ортаны ластау деректерінің жолын кесуге бағытталған кешенді іс-шаралар ұйымдастырылуда.
Бір тәулік ішінде қала аумағынан 100 тоннадан астам тұрмыстық қалдық шығарылып, көшелер мен қоғамдық кеңістіктер санитариялық талаптарға сәйкес тазартылды. Сонымен қатар «Тазалық сақшылары» жобасы аясында үш мыңға жуық коммуналдық қызметкер қала тазалығы мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жұмыстарына жұмылдырылып, ауқымды тазалық шаралары үздіксіз жүргізілуде.
Экологиялық құқық бұзушылықтарды анықтау және олардың алдын алу мақсатында қалалық бейнебақылау жүйелерінің мүмкіндіктері кеңінен пайдаланылып келеді. Полиция қызметкерлерімен бірлескен рейдтер барысында қоғамдық орындарды ластау, қоқысты белгіленбеген жерлерге төгу және басқа да құқық бұзушылықтарға жол берген азаматтар анықталып, қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылуда.
Қала прокуратурасы қоғамдық орындарды ластағаны немесе қоқысты белгіленбеген орындарға тастағаны үшін 43 250 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл қарастырылғанын ескертеді. Ал қалдықтарды автокөлікпен заңсыз төккен жеке тұлғаларға 432 500 теңге мөлшерінде айыппұл салынады. Бұл талаптар қоршаған ортаны қорғауға бағытталған заңдардың бұлжытпай орындалуын қамтамасыз етуге арналған.
«Нөлдік төзімділік» қағидаты кез келген құқық бұзушылыққа ымырасыз қарауды көздейді. Қала тазалығы – коммуналдық қызметтердің ғана емес, әрбір тұрғынның ортақ жауапкершілігі. Өйткені «Таза Қазақстан» ең алдымен тәртіптен, экологиялық мәдениеттен және заңға деген құрметтен басталады.


