Жол қауіпсіздігі – құқық қорғау органдары мен қоғамның ортақ міндеті

Oinet.kz 12-06-2026

66.jpg

Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – құқық қорғау органдары қызметінің басты басымдықтарының бірі. Осы мақсатта Шымкент қаласы Абай ауданы прокуратурасының бастамасымен жол қозғалысы қауіпсіздігін насихаттайтын арнайы әлеуметтік бейнеролик әзірленді. Ақпараттық материал жүргізушілердің назарын жолдағы тәртіпке аударып, көлік құралын басқару кезінде ұялы телефонға алаңдаудың қаншалықты қауіпті екенін көрнекі түрде көрсетеді.

Бейнероликте көлік жүргізу барысында бір сәттік салғырттықтың орны толмас қайғылы жағдайларға әкелуі мүмкін екендігі әсерлі мысалдар арқылы жеткізілген. Мамандардың айтуынша, жүргізушінің назарын бірнеше секундқа ғана басқа жаққа аударуының өзі жол-көлік оқиғасының орын алу қаупін бірнеше есе арттырады. Сондықтан рөлде отырған кезде ұялы телефонды пайдалану, хабарлама жазу немесе әлеуметтік желілерге көңіл бөлу – тек өз өміріне ғана емес, өзге жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігіне де қауіп төндіреді.

Прокуратура қолға алған мұндай профилактикалық жұмыстар құқық қорғау органдарының басты мақсаты азаматтарды жазалау емес, құқық бұзушылықтың алдын алу, адам өмірін сақтау және қоғамда қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру екенін айқын көрсетеді. Ашық түсіндіру жұмыстары мен әлеуметтік жобалар тұрғындардың құқық қорғау органдарына деген сенімін арттырып, олардың қоғам игілігі үшін атқарып отырған қызметін кеңінен танытуға мүмкіндік береді.

Жол қозғалысы қауіпсіздігі әрбір азаматтың жауапкершілігін талап етеді. Жүргізушілер жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтап, көлік тізгінінде отырған кезде бөтен нәрсеге алаңдамаған жағдайда ғана қайғылы оқиғалардың алдын алуға болады. Бұл – заң талаптарын орындаумен қатар, өз өміріне және өзгенің тағдырына деген құрметтің көрінісі.

Абай ауданы прокуратурасы барлық жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін мүлтіксіз сақтауға, көлік жүргізу кезінде ұялы телефон қолданбауға және жолдағы қауіпсіздік талаптарына жауапкершілікпен қарауға шақырады. Себебі бүгінгі сақтық – ертеңгі амандықтың кепілі. Ал құқық қорғау органдарының осындай алдын алу шаралары қоғаммен өзара сенімге негізделген тиімді әріптестікті нығайтып, қауіпсіз әрі құқықтық мәдениеті жоғары орта қалыптастыруға қызмет етеді.

Құқықтық сауат – еңбек құқығын қорғаудың басты кепілі
Прокурор – заң үстемдігі мен азамат құқығының кепілі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу